Егде жастағы футболшылардың сыры

Егде жастағы футболшылардың сыры

Әдетте футболда 30 жастан асқаннан кейін көп футболшы кәсі­би мансабын аяқтау туралы ойлана бастайды. Ал 35-ке таяған тұста олардың басым бөлігі бутсы­ларын шегеге іледі. Бірақ бұл жастан асып, тіпті 40 жасына дейін спорт­тық мансабын жалғастырған фут­бол­шылар да жоқ емес. Олардың ішінде 40-тан кейін де жақсы ойнау­ға болатынын дәлелдеп жүрген ар­да­гер ойыншылар бар. Біз бұл ма­қа­ла­мызда ерекше өнерімен жан­күйерлерді тәнті етіп жүрген егде жас­тағы футбол­шылар туралы сөз қоз­ғамақпыз.
Ең өкініштісі, Еуропада бір кездері атой салған ардагер, аңыз футболшылардың қатары уақыт өткен сайын азайып келеді. Осыдан 20 жыл бұрын неміс Бундес­лигасында 35-тен асқан Лотар Маттеус бастаған 32 адам ойнаған болса, қазір олар­дың арасынан тек 6-7 ойыншы ғана қалған. Бұл аяқдопшылардың шеберлігі, кәсібилігі, жастыққа құштарлығы көпке үлгі әрі барлық құрметке лайық.

Футбол жанкүйерлерінің кумиріне айналған Месси, Роналду, Ибрагимович секілді футболшылардың да жастары уақыт өткен сайын ұлғаюда. Бірақ алаңдағы ойынына қарасаң, олай айтуға аузың бар­майды. Керісінше, уақыт алға жылжыған сайын футболға деген құштарлығы артып, үздік нәтижелерімен қуантып, футболсүйер көрермендерді таңғалдырудан тайынар емес. Олардың нақты қай жасқа дейін спорттық бабын сақтай алатынын дөп басып айту да қиын.

&ndash Спортта 40 жасқа дейін доп тебу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оның ішінде жоғары деңгейде өнер көрсету оңай емес. Әсіресе, шабуылшыларға қиын. Бұл ретте Златан Ибрагимовичті ерекше атап өтуге болады. Францияның «Монпелье» командасында 43 жастағы қорғаушы Илтон бар. Ол әрбір маусымда кемі 30 ойынға қаты­сып жүр екен. «Ювентус» қақпашысы Джанлуиджи Буффон да әлі күнге спорттық карьерасын аяқтамаған аңыз қақпашы­лардың бірі. Криштиану Роналду да бір айдан кейін 36 жасқа толады. Бірақ жыл сайын мергендер тізімінде алғашқылардың қатарында жүреді. Биыл да Италияның А сериясында топ бастап тұр. Бұл жерде спортшының кәсібилігі үлкен рөл ойнайды. Егер жаттығу, диета, ұйқы бәріне дұрыс қарай білсең, біраз жасқа дейін ойнауға болады деп ойлаймын. Бастысы, таза бәсекелестікте үздік болуың қажет. Футбол­шы бұрынғы абыройы үшін ғана ойнайтын болса, онда қадірін кетірмей, мансабын аяқтаған дұрыс, &ndash дейді спорт журналисі Бек Төлеу.
 
Негізі, футболда «ең ұзақ жасайтын» ойыншы ол &ndash қақпашы.  Одан кейінгі орында қорғаушылар тұр. Ал жасыл алаңмен ерте қоштасатындардың көшін шабуыл­шылар бастайды. Қақпашы демекші, «Сток Сити» мен «Блэкпул» командаларының аңыз қақпашысы Стэнли Мэтьюз  үлкен спортта 50 жасына дейін жүрген. Бір қызығы, кейін ол Мальтадағы «Хибернианс» клубының директоры, жаттықтырушысы бола жүріп футболға қайта оралған. Содан 55 жасына дейін футболды жанына серік еткен. Одан бөлек, 40 жыл доп тепкен уругвайлық қақпашы Роберт Кармона 53, шотландиялық Нил Макбейн 51 жасында үлкен футболмен қош айтысқан. Ал ағылшындық Джон Райанның 2003 жылы Донкастер Роверстің бұрынғы президенті болған тұста 52 жасында шабуылшы ретінде қайтадан алаңға шыққанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Қазір көпшілікке танымал жапониялық футболшы Кадзуеси Миура күні кеше өз еліндегі үздік клубтардың бірі «Йокогама» командасымен тағы бір мау­сымға жаңа келісімшартқа отырды. Әзірге әлемдегі спорттық мансабын үзбей жалғас­тырып келе жатқан ең егде футболшылардың көшін осы жапониялық футболшы бастап тұр.

Танымал футболшылардан Райан Гиггз, Хавьер Занетти, Франческо Тоттилер күні кешеге дейін жасыл алаңда жасындай жарқылдап, қырыққа келгенше атой сал­ғанын футбол жанкүйерлері жақсы біледі. Бүгінде жастары біразға келсе де, Еуропаның бес жетекші чемпионатында өнер көрсетіп жүрген ойыншылар ілуде біреу. Ендеше соларға тоқталайық. Біз жасақтаған үздік төрттіктің бірінші саты­сына Францияның 1 лигасында ойнайтын 43 жастағы қорғаушы Илтон Виторино жайғасты. Үлкен фут­болдағы карьерасын 22 жасында бастаған ол бүгінге дейін 6 клуб сапында 553 ойын өткізіп үлгерген екен. Бүгінде «Монпелье» сапында 291 ойын өткізіп үлгерді. Қырықтан асса да ол негізгі құрамдағы орнын ешкімге берер емес.

Екінші орынға 1981 жылғы Хоакинді лайық деп таптық.  «Бетистің» аңыз ойыншыларының бірі, 39 жастағы жартылай қорғаушы 2020/2021 жылдағы маусымда 13 рет жасыл алаңға шыққан. Өткен жылы Ла Лигадағы 34 ойында 8 гол соққан ең үздік ардагер бомбардир атанды. Футболшы 12 қаңтар күні «Уэскаға» қарсы өткен ойында алған жарақатына байланысты бүгінде алаңға шықпай жүр. Үздік үштікті 31 қаңтар күні 38-ге толатын Фабио Квальярелла түйіндеді. Италияның А сериясында өнер көрсететін шабуылшы «Сампдория» сапын­да капитан ретінде тұрақты түрде алаңға шы­ғып жүр. Бүгінде бұл футболшыға турин­дік «Ювентустың» өзі қызығушылық таны­тып отырған көрінеді. Мұның өзі қырыққа таяған шабуылшы үшін &ndash үлкен мәртебе. Бір қызығы, Фабио Италия ұлттық құрама­сына әлі күнге дейін шақырту алып тұрады.

Төрттікте әйгілі Златан Ибрагимович бар. Осы жылдың қазан айында футболшы 40-тың қырқасына шығады. Ал алаңдағы ойынына қарасаң, швед футболшысын 25 жастағы ойыншы екен деп қаласың. Жеке шеберлігі, ептілігі, бойының ұзындығы, жойқын соққысы, жылдамдығы, бәрі-бәрі Златанның «супер» футболшы екенін айғақтай түседі. Ол ойнаған клубтарының бәрінде сөзсіз үздік болды. Әрі Ибра барған жерінде командасын чемпиондыққа, жеңіске жетелеп жүретін футболшы ретінде көпшіліктің есінде жақсы сақталды. Нидер­ланд елінің үздік клубы «Аякс» сапында, италия­лық «Ювентус» пен «Интер», ис­паниялық «Барселона», француздық ПСЖ командаларымен чемпион болды. МЮ-мен Еуропа лигасының чемпионы атанды. «Миланның» сапында 7 ойын өткізіп, 10 гол соқты. 40-қа келіп, қамал бұзған футболшы дәл осы Ибрагимовичтей болса керек.

Еуропада бұдан өзге де мықты фут­болшылар жетерлік. Олардың қатарына СПАЛ-дың жұлдызды футболшысы 39 жастағы Серджо Флоккариді, «Парма» командасының 39 жастағы қорғаушысы пор­тугалиялық Бруну Алвешті, 5 ақпан күні 39-ға толатын аргентиналық футболшы, «Болоньяның» шабуылшысы Родриго Паласионы, ағылшындық Челси клубының қақпашысы «пенальти шебері» атанған 39 жастағы Вилли Кабальероны, испаниялық «Бетис» командасының қақпашысы 37 жастағы Клаудио Бравоны, ақпан айында 41 жасқа келетін Артур Боруцты қосуға  болады. Біз өз кезегімізде Қазақстандағы егде жастағы футболшылар жөнінде, әлемдегі 40-ты алқымдаған үздік ойын­шылар туралы Қазақстан U-21 жастар құрама­сының аға бапкері Қайрат Нұрдәулет­овтен сұрап білдік.

&ndash Қазақстан премьер лигасында Самат Смақов, Андрей Финонченко, Нұрбол Жұмасқалиев бастаған футболшылар жастары 37-38-ге келгенше футбол ойнады. Олардың қазақ футболына сіңірген еңбегі орасан зор. Елімізде жастары 40-қа таяғанша доп тепкен өзге де футболшылар көп. Қазір Мақсат Байжанов, Марат Хайруллин, Илья Воротников сияқты бірқатар футболшылар әлі күнге дейін жастармен бірге өнер көрсетіп жүр. Еліміздегі жас футболшылар да ағаларынан үлгі алып, соларға қарап бой түзейді. Шетелде де мұндай футболшыларды жиі кездестіруге болады, &ndash дейді аға бапкер. Ол пікір арасында «қартаймайтын» фут­болшылардың ерекшеліктеріне де тоқталып өтті.

&ndash Ұзақ ойнаудың басты сыры &ndash футболшылардың өздерін күтуі, футболға деген махаббаты, денсаулығына жете көңіл бөлуі, спирттік өнімдерден аулақ болуы. Сонымен қатар көп нәрсе адамның табиғатына да байланысты. Осындай ерекшеліктердің бәрі бір арнаға тоғысқан тұста, футболшы ұзақ уақытқа дейін мансабын жалғастыра алады. Бастысы, жарақаттан аман болу керек. Кейбір футболшылар тез жарақат алғыш келеді. Жарақатының өзі ұзаққа созылатындары да бар. Ол кәсіби түрде футболмен айналысатын спортшы үшін үлкен қиындықтың бірі. Маған Бускетстің ойыны  ерекше ұнайды. Кьеллини мен Бонуччиді де жоғары деңгейлі футболшылардың қатарына қосуға болады. Жастары біразға келсе де, әлемнің үздік лигаларында тәп-тәуір ойнап жүр, &ndash дейді Қайрат Нұрдәулетов.

Бір нәрсе анық. Футболшылардың бәрі бірдей футболмен ұзақ уақыт бойы айналыса алмайды. Біз оны жоғарыда атап өттік. Тек «қарттықты білмейтін» футболшылар ғана футболда бәрі мүмкін екенін дәлелдеп бағуда. Олар ең бастысы, бәсекелесуден қорықпайды және алдына ең жоғары мақсатты қоя білетін мықты ойыншылар. Ал өзінің қарым-қабілетіне сенетін спортшылардың спортта әрқашан ұзақ жасары әуелден белгілі.

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста