Несіп Жүнісбайұлы: "Намыс" – түптің түбінде қайта айналып соғар идея
Осыдан үш күн бұрын танымал спорт журналисі һәм жазушы Несіп Жүнісбайұлының туған күні болды. Ұлтжанды Нес-аға 64-ке толды. Қазақ спортының көрнекті қайраткерін туған күнімен құттықтай отырып, Нес-ағаның болмысы мен табиғатын сәл де болса сомдай алатын мына бір сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз, деп жазады "Алаш айнасы".
– Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге 20 жылдан асса да, ел намысын қорғар спортшы қыз-жігіттеріміздің, нақтырақ айтқанда, қандастарымыздың санын әлі де артыра алмай келеміз. Ал еліміз егемендігіне енді ғана қол жеткізген тұста сіз таза қазақ жігіттерінен жасақталған «Намыс» футбол клубын құрдыңыз. Қазір сондай команда құра аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Осы ой, осы игі бастама қалай, неден басталып еді? Жалпы, «Намыс» туралы қанша айтсақ та жарасатын шығар.
– Дұрыс. Бұл – шынында да суалмайтын тақырып. Мен «Лениншіл жасқа» 1975 жылы 9 қаңтар күні 5 курс оқып жүрген кезімде келдім. Көзі қарақты оқырман содан бері жазылған мақалаларымды жіті қараса, мен жалпы республика спорты жайлы жазғанымен, негізінен қазақ ұлтының проблемаларын көтерумен болдым. Өмір бойы. Менің барлық мақалаларымда, үлкен шығармаларымда да, кіші материалдарымда да ұлт мәселесі, қазақтың балаларын спортқа тарту мәселесі жейдені қызыл жіппен тіккендей ап-анық көрініп тұрады. Өз ұлтымыздың өрендерін тәрбиелеу, соларды шыңдап шығару өмір бойы менің басты нысаным, бағытым болып келді. «Лениншіл жас» газетінде 15-16 жылдай істедім. Сондағы айтқандарымның бәрі, жазғандарымның бәрі осы болды. Алдымдағы ағаларымнан естігендерімнің бәрі осы болды. Әбілдә Тәжібаев деген үлкен ақын ағамыз болды. Ол кісі «Қайратым деп біз жүрміз, қайрат қылмай сен жүрсің» деп жырлаған. Ғабит Мүсірепов ағамыз «Спорт жарыстарын, оның ішінде футбол додасын көріп отырғаныңда одан ұлттың мағынасы, ұлттың нышандары көрінбесе, онда істеген ісіңнің бәрі зая. Егер ұлттық мағына, ұлттық нышандар көрініп, сезіліп тұрса, онда қазақтың намысы қозып, кемшіліктерін түзеуге ұмтылып отырады» деген мағынада салиқалы сөз айтқан. Яғни спорт додаларынан, футбол ойындарыанан қазақтың ұл-қыздарын көріп отырсаң, ұлттық намыстың бар екендігі, қазақтың ұлт екендігі көрініп тұрады дегені. Осындай ұлы адамдардың әлгіндей аталы сөздерін естіп те, оқып та өстік.
Өзімізде басымыздан біраз өмір өткердік. Сонау Мәскеу Олимпиадасынан бастап дүбірлі додаларға қатысып, бәрін көзбен көрдім. 1982 жылы алғаш рет футболшылар арасындағы әлем чемпионатына бардым, Испанияда өткен. Сондағы толқуларды көргенде, жүрегің тебіренбей тұра алмайды. Өз елінің командасының бір ойыны үшін сонау жер түбінен шұбап келген жанкүйерлерді көргенде, олардың жылт еткен ұлттық намыстарын көргенде, өз командаларының болмашы жетістігене мәз болғандарына куә болғанда, жүрек шіркін бір орында тұра алмайды. Ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов та кеудесінде ұлттық намысы алаулап жанған жан еді. Сейд-ағаңнан сіңіргенім де көп болды. Сол жылдары «Советский спорт» газеті халықаралық додалардың техникалық нәтижелерін беретін. Соның ішінде шет елдегі жарыстардың бірінде қазақтың бір баласының 40-орын алғаны жазылып, ол ертеңінде «Лениншіл жас» газетінде шықпай қалса, бітті... Мен сол күні ұстазымнан таяқ жейтінмін. «Әй сен, анау Кубадағы үлкен жарыста Мырқымбаевтың 40-орын алғанын неге жазбайсың? Қазақтың баласының осындай дүбірлі додаға қатысып, өз ұлтын паш еткенін неге баяндамайсың. Жаным-ау енді, бүкіл қазақ оқысын да. Содан барып қызығушылық тумай ма?! Намыс қозбай ма? Соны оқыған жүз баланың ең болмаса біреуі Мырқымбаевтай болуға тырыспай ма?» деп, санама құятын. Осының бәрі жүрекке тортадай болып тіркеле берді.
1987-88 жылдары сол кездегі редактор Уәлихан Қалижановқа барып, өз ұсынысымды айтқанмын. «Республикамызда бір ұлттық мектеп-интернат ашу керек, қазақтың балаларын жинап алып, бір жерден тәрбиелейтін орталық ашу керек» деп. Бірақ ол кезде қиын-қыстау кезең еді. Мұның бәрін Уәкең қолдағанымен, «әзірше жүзеге аспайды-ау» деп ойға батып, маған аздап тоқтау салды. Бірақ осы ой менің жүрегімнің түкпірінде қайнаған құртай болып, бүлкілдеп жүрді. Содан 1991 жылы «Спорт» газетіне бас редактор болып барған кезімде, өзімнің бір істі бастауыма тізгін тиді. Ол спорт комитеттің газеті болғанымен, бас редактор – творчестволық жетекші. 21 қаңтар күні бас редактор болып жүмысқа кірісіп, тамыз айының басында «Намыс» футбол клубын құру туралы қазақ халқына үндеу жарияладым. «Биыл үйреніп алайын, келесі жылы қозғайын бұл шаруаны» деп созған жоқпын, ішімде әбден пісіуі жетілген нәрсені ортаға салдым. Содан 1992 жылы құрдық, қазақ балаларынан жасақталған «Намыс» клубын. Команда 5 жыл бойы ойнады, жақсылы-жаманды. Тәрбиеледік. Әу баста 300 бала таңдап алдық, еліміздің барлық аймағын аралап жүріп. 300 балаға үш-үштен 900 ата-ана еріп келді, Алматыға. Сол 300-дің 100-ін ғана іріктеп алдық. Сол 100 баланың кейбіреуі әлі күнге дейін футбол ойнап, теңбіл доп көрігін қыздырып жүр. Ұлттық құрама сапында ойнағандары да бар.
Бұл бір ғана іс емес, бұл – идея. Бұл идея менің ойымша, түптің түбінде бәрібір оралып соғады. Нақты қай салада айта алмаймын. Мүмкін басқа спорттың түрінен болар, мүмкін спорт-интернаттың төрінен болар. Ұлттың спорттағы үздіктерін таңдап алып, олардың басын қосып, оларға жан-жақты жағдай жасап, оларды жарысқа қайрап салу мәселесі – түптің түбінде бәрібір біздің алдымыздан оралып соғады. Оны кім бастайды, белгісіз. Кеше Несіп бастаса, ертең басқа біреу қолға алар, оның арғы күні тағы біреу жүзеге асырар. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дегендей, өзіміздің үздіктерімізді іздемей намысты азаматтар тұра алмайды.
– Нес-аға, біреу білсе, біреу білмес, сол «Намыстың» балаларының кейбіреуі сіздің үйіңізде тұрды ғой, басында. Мысалы, қазіргі Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншысы, тіпті капитаны, Нұрбол Жұмасқалиев біраз уақыт сіздің үйіңізде тұрған жоқ па?
– Нұрболды мен Оралдан алып келгенмін. Өзім қолынан ұстап, жетектеп әкелдім. Ата-анасынан жалынып-жалпайып сұрап алғанмын. Басында ата-анасы келіспей қойды. Сонда да айналсоқтап, үйлерінің маңында жүрдім. Қайта-қайта кері оралып, кетпей қойдым. 2-3 рет кірдім, үйлеріне. «Баламызды сонау жердің түбіндегі интернатқа бере алмаймыз, сырт жерде екі көзін жәутеңдетіп жүре алмаймыз» деп Нұрболды ата-анасы бермей қойды. Әкесі Жәрдем – радио журналисі. Ал менімен бірге Руслан Қалиев деген институтта бірге оқыған жақсы танысым қоса жүрген. Оралдың жігіті, ол да журналист, радиода да, теледидарда істейді. Содан соң жергілікті спорт комитеттің бір өкілі болған, жанымызда. Алматыдан еріп барған жаттықтырушылардың бірі болды қасымызда. Содан мен «балаларыңыз интернатта тұрмайды, менің үйімде жататын болады, өзі менің балаларыммен құрдас екен, өз балаларыммен бірге жүретін болады, мына досым, мына жігіттер куә болсын» дедім. Сөйтіп, әзер көндіріп, алдық Нұрболды.
Алматыға алып келген соң ол менің балаларыммен бірге жатты, үйімде тұрды. Жалғыз Нұрбол емес, Диас Камелов (ол да Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойнаған), Абай Аманбаев (ол да Оралдан), Ақтаудан Фархат деген бала бар, сосын Тараздан Мұқан деген бала бар, бесеуі менің үйімде тұрды. Таңертең балалыммен бірге тұрып, есік алдында доп теуіп, бой қыздырып, жаттығу жұмыстарына үйден барып тұрды. Әрине, өмір бойы тұрған жоқ. Бірақ апталап тұрды. Содан соң интернатқа ауысты. Командамен бірге болу керек, қанша дегенмен. Бірақ сенбі-жексенбі күндері үйге келіп тұратын. Өйткені интернаттың аты – интернат. Оның үстіне, жасыратын жоқ, «Намысқа» жақсылап қараған жоқ қой, ол кезде интернаттағылар. Қажымұқан атындағы ущиличеде тұрған, балалар (Тимирязев көшесіндегі). Ығыстырып, жаттығу жұмыстарын жүргізетін уақыт және дәріс алатын бөлме алып бергенбіз. Бірақ бізді қолдамағандар көп болды. Бәрі қолдамады демей-ақ қояйық, алайда қырын қарайтындар көп болды. Сондықтан балалар қысылып, емін-еркін жүре алмады. Бәрі өрімдей жас емес пе? Сондықтан мен оларды үйге алып келетінмін. Балаларыммен бірге ойнайтын. Қолым тигенде қаланы көрсетіп, аралататынмын. Ересек екі топтағы балаларымыз Ұзынағаштағы мектеп-интернатта тұрды. Қаланың ішіннен орын таба алмағанбыз. Содан мен күніне екі рет бапкерлерді Ұзынағашқа апарып, алып келетінмін. 1989 жылы сатып алған қызыл «Жигулиім» («девяткам») болған. Сонымен арлы-берлі адам таситынмын. Өйткені ол кезде бізде көлік те болмады. Кейіннен балаларды Қарғалыдағы сауықтыру орталығына орналастырдық. Екі маусым сонда тұрды, балаларымыз. Оған да бапкерлер мен балаларды тасымалдайтынбыз. Сондай-сондай жағдай болған. Дұрыс айтасың, оны көбісі білмейді. Бірақ балалар біледі. Әрі ұмытпайды. Өткенде Нұрбол бір сұхбатында айтыпты, «мені футболшы қылған «Намыс» клубы, оны бастаған менің Несіп ағам, мен оларға шексіз әрі мәңгілік қарыздармын» депті. Бұдан артық бағаның керегі жоқ, бұл бастамаға. «Намыс» футбол клубы арқылы Нұрбол Жұмасқалиев, Айдар Күмісбеков, Мұрат Тілешев, Әлібек Бөлешев, Диас Камелов және тағы да басқалары көпшілікке танылды. Көпшіліктің сүйікті ойыншыларына айналды. Ел намысын қорғады. Бұлардың бәрі – алғаш рет «Намыстың» мектебінен өткен балалар.
– Кейіннен футболдан «Бір атаның балалары доп тебеді» деген турнир ұйымдастырдыңыз ғой. Ол да қызықты болды, ә?
– Бұл патриоттық сезімнің отбасына басталатындығын паш ететін бастама еді. Содан соң отбасын салауатты өмір салтына насихатттау болатын. Мұнда тек бір атаның балалары ғана бір командада ойнай алады. Мысалы, Пәленшебаевтар өздерінің ата-бабасының есімін үкілеп, атын шығара алады. Алғашқы жылдары 50-ден астам команда жиналды. Еліміздің көптеген облыстарынан келді, командалар. Әр отбасымен самайы аппақ аталары мен ақ жаулықты әжелері де еріп келді. Шектен тыс қызықты болды. Бүгінгі Қазақстан құрамасының ойыншысы Жамбыл Көкеев ол кезде кіп-кішкентай бала еді. Алғашқы жылы турниріміздің ең жас ойыншысы жүлдесін тапсырғанбыз.
– Нес-аға, республикалық «Спорт» газетіндегі өміріңізді екі ауыз сөзбен қалай бағалар едіңіз? Редакторлық қызметіңіз қиын-қыстау кезеңге дөп келді, сондықтан «тар жол, тайғақ кешу» дейсіз бе?
– Жалпы, «Спорт» газетіндегі өмірімді өзімнің журналистика саласындағы аса биік шыңға шыққан кезеңім деп ойламын. Ол жерде мен тек жазумен ғана айналыспай, қаншама адамның басын қосып, көптеген ұлттық проблемалдарды қозғадық. Мен «Спорт» газетіндегі өмірімді журналистикалық творчестводағы абыройлы болып, биікке жеткен кездерім деп санаймын. Әрине, кемшіліктерім болған жоқ деп айта алмаймын. Бірақ 1991 жылдары, мемлекетіміз жаңадан құрылы жатқан кезеңде, өте қилы кезеңді басымыздан өткердік. 1993 жылы ақша ауысты. Сол жылдары көп қиындық көрдік. Әлгі «тар жол, тайғақ кешу» дегенің сол кезге келеді, солай деп айтуға болатын да шығар. Сол қаржы тапшылығы кезінде «Спорт» газеті 16 айдай жабылып қалды. Екі жылдай. Сонда ұжымдағы қызметкерлердің бәрін ақысыз демалысқа жіберіп, жеке өзім газеттің табалдырығында отырдым. Өйткені «бір жауып алсақ, қайта аша алмай, әбігерге түсерміз» деп газетті сақтап қалу үшін отырдым, жалғыз өзім, табалдырығын күзетіп. 1997-98 жылдарға дейін созылды, қиын-қыстау күндеріміз. Одан кейін заман түзелді, Құдайға шүкір. Қайта өрлеу дәуірін де басымыздан кешірдік. Бұрын төрт бет болып шығатын болса, кейіннен 12-16 бетке жеткіздік. Әрі екі тілде жеке-жеке шығардық. Десек те, бұл кезең барлық газеттердің таралымы түсіп кеткен заман болатын. «Спорт» газетінің дәуірлеген кезеңі – сексенінші жылдардың ортасы. Ол кезде газеттің тиражы 300 мыңға дейін жеткен. Республикадағы барлық мектептер жазылатын. Негізі, «Спорт» газеті өзінің 50 жылдық тарихында қазақ ұлтына адал қызмет етті. Бергені де, сіңіргені де ұшан-теңіз. Сол газетте қызмет еткен қыз-жігітердің де еңбектері атарлықтай болды.
– Қазір бізге спорт журналисі болуға талпынған жастар жиі келіп тұрады. Барлығы дерлік Интернеттен аударған дүниелерін алып келеді. Сол кезде ішімен «шіркін-ай а, «Спорттың» мектебіне өтпегенің көрініп тұр, Несіп аға көзіңмен көрмеген матчтан репортаж жазуға құқың жоқ деуші еді-ау» деп еліміздегі және Ресейдегі бірнеше журналисті шыңдап шығарған киелі шаңырақты, «Спорт» газетін еске аламын. Осыған не дейсіз, жастар еріншек болып бара ма, заман өзгеріп кетті ме?
– Бұл өте маңызды мәселе. Бұл мені бүгінге дейін толғантатын мәселе. Бүгінгі таңда жасыратын жоқ, қазақ баспасөзінде спорт журналистикасы ақсап тұр. Спорт журналисі болғысы келетіндер тым көп. Өзің айтқандай, Интернеттен қаптап тұрған ақпаратты алады немесе бір газетке жазған біреудің мақаласын алады да, соны қайтадан иіп не болмаса тақырыбын өзгерте салып, төрт ауыз сөзбен не өз газетіне, не теледидарына тоғыта береді. Бұл – спорт журналистикасы емес, бұл жай ғана кәсіп жасау. Өз редакциясында жұмыс атқару ғана. Мен ондай адамдарды спорт журналистері деп атамас едім. Ондалар бізде жоқ емес, бар. Осылай спорт журналисі болғысы келеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Спорт журналисі, спорт шолушысы деген – тұла-бойымен спорт «бассейніне» (қара қазанына) түскен, бойына спортты сіңірген, спортты өз тамырындағы қанымен араластырған, сонымен «уланған» (жақсы мағынасында), содан өмір бойы құтылмайтын адам. Өмірін спортқа арнаған адамдар, спорттан алыстап кетпейтін адамдар. Бойындағы қанында спорттың бояуы бар адамдар. Киімін – спорттың үтігімен үтіктеген адамдар. Мұндай адамдар бізде өте аз, сирек. Мен оларды кезінде атын атап, түсін түстеп, тізіп шыққанмын. Әлі де айта аламын. Осы жерде мен бір нәрсеге айрықша тоқталғым келеді. Орыс та болса айтайын, бізде Юрий Лифинцев деген мосқал журналист бар. Жақында үйіне барып, біраз отырдым. Сонда оның жеке мұрағатын, картотекасын көріп, таң қалдым. Бір республикаға аздық етпейтін, мағыналы, бағалы дүние екен. Спорттың техникалық нәтижелері, суреттер, басқа да құнды деректер бар. Бәрін сонау бала кезінен бастап ерінбей, ұқыптап жинаған. Енді соны өлтірмей, алу керек. Ел спортының кәдесіне жарату керек. Мен бұл туралы жұмысы осыған қатысты жоғарыдағы біреулерге айттым да. Өйтені оның бәрі – шежіре, тарих, дәйек, дәлел.
– Нес-аға, еліміздің даңқты спортшыларымен біраз араластыңыз. Солардың спорттағы өмірлері мен жетістіктерін жіпке тізіп жаздыңыз да. Жастарға үлгі болсын, соларды ішінде кімді ұлтжанды, ұлттық намысы бойына сыймайтын жан деп, бөле-жара айта аласыз?
– Таза ұлтжанды, ұлтшыл адамды атау керек болса, ол ең бірінші Әбілсейіт Айхановтан басталады. Кейбіреулер мінезі қиындау деп жатады ғой, бірақ Әбілсейіт ағадай ұлтжанды спортшы кө емес бізде. Ол кісі қашанда ұлттық мүддені бірінші орынға қояды. Әбілсейіт ағамыздан сол кезеңдегі спортшыларымыздың ешқайсысы да кем емес. Бұл тұрғыда марқұм Әбдісалан Нұрмахановты, Әмин Тұяқовты атап өткім келеді. Бұлардың бәрі – қазақ спортының, ұлт спортының символына айналған адамдар. Әйтсе де, ерекше ұлтшылдық, намысшылдық Әбілсейіт Айханов та бар. Содан кейінгі ерекше тұлға – Мұстафа Өзтүрік. Өз ұлты дегенде тоң етін кесіп беретін Мұстафадай адамды білмеймін. Тірі болса, бар өмірін толығымен өз ұлтына арнар еді, марқұм. Шет елде туып-өссе де, атажұртын ардақтап өтті. Содан кейін Жақсылық Үшкемпіровті айтуымыз керек, әрине. Кіп-кішкене болса да, елімізге ұмытылмайтын жүлделер әперді, ұмытылмайтын жеңістер сыйлады. Ұлты үшін жанын шүбереке түйетін спортшыларымыз көп қой. Олардың көбісі соны жарқыратып көрсете бермейтін де болар. Ал қазіргі спортшылардың ішінен мен Нұрбақыт Теңізбаевты ерекше қадір тұтамын. Оның да өз ұлтына деген ықыласы, ниеті ерекше. Содан соң орысша тәрбиелеген ұлдарымыз бар. Олардың да ұлттық намыстары қайнап жүретін шығар. Бірақ олар оны ашық айта алмайды, ашық айтса, сенімсіздік туғызармын деп те ойлайтын да болар.