Жаңа жылда ел футболында жаңалық көп
Бүгін "Шахтер" футбол клубының басшысы ауысып, Атқарушы директор қызметіне Нұрғазы Жарылғапов тағайындалды, деп хабарлайды "Алаш айнасы" аталған клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Шахтер" футбол клубы" АҚ команда басшысының ауысқанын мәлімдеп, ақпарат таратты. Кеншілер клубы директорлар кеңесінің шешімімен Атқарушы директор қызметіне Нұрғазы Жарылғапов бекітіліпті. Ал бұрынғы Атқарушы директор Ерден Халилин "басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды" деп жарияланды. Бірақ нақты қандай жұмысқа ауысқандығы жазылмаған.
Жалпы, Нұрғазы Жарылғапов – бокстан ҚР еңбк сіңірген жаттықтырушысы, заңгер, экономист, педагог. Қарағанды облысының туризм, денешынықтыру және спорт басқармасын басқарған. Көпшіліке танымал тұлға.
Жалпы, қазір ел футболында өзгеріс, ауыс-түйіс көп. Футболшылар бір клубтан екіншісіне топ-тобымен ауысып жатыр, десек те болар. Әсіресе, дәл осы Қарағандының "Шахтерінен" кетіп жатқан футболшылар өте көп. Бапкерлерінің де, футболшыларының біразы да Шымкенттің "Ордабасы" клубына ойысты. Бірақ бұл ауысымдардың көбісі ресми түрде мәлімденген жоқ. Сондықтан әліптің артын тосқанымыз дұрыс болар.
Футболшылар ғана емес, биыл әр клубтың баспасөз қызметтерінде де ауыс-түйістер болып жатыр. Мысалы, "Ақтөбе" клубының баспасөз қызметінің жетекшісі Марат Жұмабаев "Астана" клубының медиа-офицері болып бекітілді. Ал оның орнына, яғни "Ақтөбе" клубына, бұдан біраз уақыт бұрын Асхат Қалжанов тағайындалған болатын. "Астана" клубының бұрынғы медиа-офицері Дмитрий Нестеренко болса, Қазақстан футбол федерациясына ауысқандай. Негізі, қазір Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінде де өзгерістер көп. Бірақ олар ресми түрде жарияланған жоқ.