Адамдарға деген сенімді жоғалтып алмауымыз керек!

Абай Қалшабектің басынан өткен «Шымкентский варянт» деген – осы!
Осыдан 4 айдай бұрын қаланың ішінде көлігімнің бензині таусылып тұрып қалдым. Мен тоқтаған жолдың арғы бетінде бір таксист тұр екен. Сонымен барып, бензин алып келдім. Берген ақшама қайтаратын майдасы болмай: "Бір жолы берерсің" деп, мен де: "Бір сәті түскенде берермін" деп жұмысыма кеттім. Арада 4 айдай уақыт өтіпті. Бүгін таңертең жұмысқа келе жатып әлгі таксисті көріп қалдым да, тоқтап: "Осыдай біраз бұрын..." деп бастай беріп ем: "300 теңге ма?" дейді. Есінде екен. "Айып етпеңіз, ары-бері өткенде сізді кездестіре алмадым. Көкейде қап кетіп, мазамды ап тұрды" десем: "Кеше біреу осыдан 6 жыл бұрын алған 1000 теңгесін әкеліп берді" дейді жымиып. Бұрылып кетіп бара жатқанда қасындағы кісі: "Өмірде әлі жақсы адамдар бар" деді. Мен қуанып қалдым. Іштей "Мені жақсылардың қатарына қоса гөр, Раббым" дедім күбірлеп.
Көлігіме мінейіп деп тұрып: "Аға, адамдарға деген сенімді жоғалтып алмауымыз керек" дедім...
Серік Адай,
Facebook-тегі парақшасынан





