Адамға табыну деген неткен топастық десеңізші!

Мәскеу. Қызыл алаң. Кезінде қылышынан қан тамып, дүрілдеп тұрған қызыл империяның сұсы мен айбары болған жер. Бұрындары 1-2 рет келгенмін мұнда. Сол кезде аумағы кең, қаһарлы көрінген. Бүгін неге екенін білмеймін олай сезілмеді. Әлде үлкейдік пе шынымен?! Оқушы шағымызда ауылдың мектебі зәулім ғимарат сияқты көрінсе, кейін көзіңше кішірейіп қалушы еді ғой, мынау тура солай. Әлбетте ат шаптырым территориясы бар, бүкіл әлемге әйгілі нүкте. Маған бірақ біртүрлі бұрынғыдай әсер еткен жоқ. Бала кезімізде осы мен қашан, анау суреттегі салқар кезекте адам құсап тұрып, кезегім келгенде жүрегім жарылардай Лениннің мавзолейіне кіреді екем деп ойлаушы едім. Айдаладағы ауыл баласының санасына сіңіріп тастаған неткен жойқын идеология! Бүгін кірдім сол мавзолейге. Қызық үшін. Қап-қараңғы бөлмеде манекен сияқты біреу жатыр. Болды. Еш құдыреті де, қасиеті де жоқ (болған да емес қой!). Соған қарағанда біз идеологиялық вирустан құтылдық қой деймін. Шынымен рухымыз да, санамыз да азат болыпты. Соған тәуба. Ал, жеке басқа, Құдай кешірсін, өзіміз сықылды жұмыр басты пендеге табынатын заман өз бетімен аулақ кетсін! Адамға табыну деген неткен топастық десеңізші! Қайталанбасын енді! Қазақ мәңгі азат, мәңгі тәуелсіз болсын!
Фейсбуктегі парақшасынан





