Адамның наласы қиын. Біреудің наласына қалғанның оңғаны жоқ...
Налаға қалма, бала!
Адамның наласы қиын. Біреудің наласына қалғанның оңғаны жоқ.
Бізді налытқан бірнеше азамат болды. Бірі сотталып, түрмеге түсті. Тілін тауып, ертерек босаған соң шетелге зытыпты. Оны ақпарат құралдарынан білдік. Қызмет барысында тағы солай жолымызды кесіп, себепсіз күстаналаған жігіт істі болып, тергеуші алдында отырғанын оқып жүрміз. Іс әлбетте, басқа мекемеге қатысы ғой, бәрібір наламыз аяғын ораса керек.
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен кітабымызды шығарған баспагерден қиянат көрдік. Басқасын айтпағанда тиесілі қаламақының бір бөлігіне өз кітабымызды қымбат бағамен беріп, екінші бөлігін баспаның есепшотына қаржы түскенде қайтармақ болған. Сонымен су аяғы құрдымға кетті. Сол да пара бермек әрекеті кезінде ұсталыпты. Нала. Наламыз жібермепті.
Жақында және бір оқиға өтті. Үйдің электр көзін жекеменшік трансформатордан аудандық жүйедегі желіге ауыстыру керек болды. Ондағылар үйдің басы азат, несие үшін кепілге кетпегенін, тағы басқа пәлесі жоқтығын көрсететін анықтама сұрасын. Оны алмақ болып көрсек, үйдің ресми құжаттары қолда тұрғанмен, эл. үкімет базасында біздің меншікте бары көрсетілгенмен, анықтама шықпайды. Кілтипан мекен-жайға қатысты екен. Біз құрылысты бітіріп, тех құжатын алып, әділет басқармасына тіркетіп, істі біттіге санаппыз. Ал кейін көше бойынша нөмір берілгенде айналып соқпаппыз. Сөйтсек, біздің бұрыштағы үйіміз енді таудан тік көшеге емес, көлденең көшеге жатып, сонымен нөмірленеді екен. Бар құжатқа осы өзгерісті қайта кіргізу керек.
Уақыт жоқ еді. Бұған жүгіретін уақытты жазуға жұмсамақ болдық та, осыны түсіндірген нотариуске "өзің тездетіп реттеп бере аласың ба" дедік. "Онда үш күнде реттеймін, тек менің істегенім 150 000 теңге болады" деді ол. Сол сәтте нөмірі айтылған кәртішкеге 150 000-ді аударып, үй мен жерге қатысты бүкіл құжаттың түпнұсқасы мен эл. қолымыз қойылатын плешканы беріп қайтып кеттік. "Өзім тез бітіріп хабарласамын" деген жігіт бір апта үнсіз. Екі апта үнсіз. Уәдедегі үш күн жайына қалды. Басқа тұрмақ, қатыннан ұят. Үшінші аптада аттандаған уатсабымызға "6 қараша күні адресті анықтаған қағазды аламын, басқасы тез бітеді" деген дауысы келді. Содан соң телефоны өшті. 10 қарашада, бір айдан соң іздеп баруға тура келді. Нотариус кеңсесі жабық, құлып тұр. Ал керек болса. Не фамилиясын, не өзінің мекен-жайын білмейміз. Амал жоқ, аудандық ішкі істер бөліміне бардық. Тауып берді. Өзін емес, анасын. Көзбе-көз емес, телефоннан. Ертесінде келіншегі құжаттарды қайтарды. "150 000 теңге бергенбіз" десек, "мен ол туралы білмеймін, айтқан емес" дейді. Біздің кәртішкеден кәртішкеге аударғанымыз абырой болыпты. Онда да өзінікін емес, көмекші баланікін көрсетіпті. Өзіне сол күні көмекшісінен аудартқан, мұртын бұзбай 150 000 қалпы. Бәрі анықталған соң анасы ақшамызды кері қайтарды. Енді ХҚК-ге бардық. Біздің мекен-жайдың өзгергені туралы анықтама алуға өтінішіміз 28 қазанда берілгенін, оны 6 қарашада алуымыз керек екенін сонда білдік. Ал әлгі азамат уәде берген, ақшамыз аударылған күн &mdash 13 қазан. Сонда екі апта тырп етпеген. Ой, Алла! Иә, Алла бар екен! Наламыз жібермепті. Тура үшінші апта өткен соң жігіт жол апатына түскен. Аяғы сынған, миы шайқалған. Ауруханада. Анасы мен келіншегінің жүгіріп жүргені содан екен. Айтпақшы, ХҚК мекемесіне 1200 теңге төлепті. Онысын дереу кері салып жібердік. Наласына қалмау үшін!
Қайнар Олжай
Фейсбуктегі парақшасынан