Адамның сырт келбеті, даусы - ішкі әлеміндегі жұмбақтардың сырын ашып қояды

Адамның сырт келбеті, даусы- ішкі әлеміндегі жұмбақтардың сырын ашып қояды. Өз тәжірибемде пасық адамдардың даусы да жағымсыз, жұғымсыз болып келетінін байқадым. Іші өзгерген адамның тысы да соған қарай өзгереді екен. Мысалы, орыстанып кеткен қазақтарды сыртынан қарап ажыратуға әбден болады, Жүз пайыз дей алмаймын. Кейде шатасып та жатамыз. Дегенмен адамның түрі сөйлеп тұратыны ақиқат. "Бетке шықпай тұра ма жүрек ізі" дегендей ғой. Бауыржан Момышұлының "Жонарқасы" осы тақырыпты қатты ашқан терең дүние. Әңгімеде адамның жонарқасына қарап, оның ішкі дүниесін тануға болады деген тұжырым айтылады. Адамның арқасы да иесі туралы көп шындықты айтып тұрады. Дауыстың адамның ішкі дүниесінің хабаршысы екенін Мағжан да жетесіне жеткізіп айтқан:"Адамның дыбысы жан тұрмысына байлаулы. Жан шат болса, дауыс та шат. Жан күңгірт болса, дауыс та күңгірт". Толстойда бір зағип жан туралы ғажап мысал бар. Сол мысалдағы зағип айтады: "Көзім көрмегендіктен адамдардың даусынан өзгелер ести алмайтынды естіп қоям. Біреулерді қуанышымен құттықтап жатқан дауыстардан қызғаныштың үнін естіп жатамын, біреулердің қайғысына көңіл айтқан дауыстардың шаттықтың лебі есіп тұрғанын да талай тыңдадым", - деп.
Абай Қалшабек
Фейсбуктегі парақшасынан





