Аяулы ағалар әлде сараң, әлде өнеге көрсете алмаған жандар болды да шықты

Ауыз - сіздікі, құлақ - біздікі
Қазақ радиосын тыңдап отырғанбыз. Тілші Қымбат Әбілдинамен сұқбаттасты. Жас ұрпаққа тәрбие беру ісінен сөз баспасөзге жазылуға ұласты. Қымбат өзі шығаратын журнал туралы айтып, оған жазылатынынан хабардар етті. Одан әрі үйінің жанындағы поштаның қызметкері тарапынан мақтау естігенін білдірді. "Кезінде Мұзаффар Әлімбаев, Сұлтан Қалиев өздері редактор болған журналға жазылмайтын, Сіз болсаңыз жазыласыз". Тәрбие туралы сөйлеп отырған әйел адамнан мұны күтпеп едік.
Біріншіден, анау аттары аталған екі аға да марқұм болып кеткен.
Екіншіден, Қымбат қазақ балалар әдебиетіне дәл олардай үлес қоса қойған жоқ.
Үшіншіден, мұндай пікір үшін әлгі сөзді айтқан пошта қызметкерінің аты-жөні мен бөлімшесінің нөміріне сілтеме керек.
Төртіншіден, Қымбат жеке өз журналын шығарады, ал анау ағалар кеңес заманындағы тек мемлекеттік саналатын журналды шығарды. Демек, салыстыру қисынсыз.
Бесіншіден, ол заманның ақпараттық саясаты бөлек. Онда қазақ басылымдарына жазылуға шектеу, лимит бар еді. Біз қызмет атқарған "Лениншіл жас" газетіне 300 000 данадан артық жазылдырмайтын. Мың-мыңдаған адам газетсіз қалатын. Сондықтан, сырттағы шопан жазылып оқысын деген оймен іштегі қызметкерлер тізгінді тежей тұратын.
Осының бәрін ескергенде Қымбат бұлай сөйлемес еді. Енді не, "айтылған сөз - атылған оқ", аяулы ағалар әлде сараң, әлде өнеге көрсете алмаған жандар болды да шықты.
Қайнар Олжай.
Алматы.
2020 жылғы қазанның 13-і.
Фейсбуктегі парақшасынан





