Айналайын -ай, ол да бір алжыған шалға ұрынып қалмаса жарар еді...

"ҚАРАСАЙДЫ " КІМ ТҮСІРЕДІ?
Бұл да болған оқиға. Айтпасыма болмады. Өзі "иненің көзінен өтетін" өте пысық əрі шулы бір продюсер бар. Жұрттың қолы жете бермейтін "жылы - жұмсақтың" бәрі соныкі. "Жылы - жұмсақ" деп ақшасы көп бағдарлама, сериалдарды айтып отырмын.
Тарихи тұлғалар жайлы фильмдер түсіріле бастағанда сол "мықтымыз" да біреуін қағып түскен ғой. Өзі тақырыпты "қақпаса" да, "қағатын" біреуді іздеген. Сол тұлғаны білетін, зерттеген сценаршыны айтып отырмын. Әйтеуір, әлгі адамды табады. Тапқанда қандай, тарихи тұлғаның өзімен дәм тұздас болған, кейін зерттеген нағыздың өзі. "Көктен іздегенi жерден табылғандай" қуанған пысық әріптесім дереу қол алысып, ақшасына келісіптi. Ана кісі де "сценарий айтылған уақытында дайын болады" деп сендіріпті. Өзі -сексеннің сеңгірiне шығып қалған қарт екен. Енді әлгі әріптес алаңдамай киноның басқа шаруаларына кірісіп кеткен.
Уақыт зуылдап өтіп жатты. Киноның түсірілетін орны белгіленіп, актерларға кастинг өткізілді. Елу-алпыс адамнан тұратын түсірілім тобы сақадай сай болды-ау дегенде сценаршы ақсақалды іздеп келіпті. Алғашқы жазбаларын алып кетейін деген ой ғой баяғы. Есікті немересі ашқан. Ақсақал үйде екен. Амандық, саулықтан соң шаруаға көшпей ме!
-Ақсақал, сценарий бітіп қалған шығар? Алғашқы серияларын алып кетсем деп едім...
-Қандай сценарий, не айтып тұрсың,-депті ақсақал. Көзі шарасынан шығып, шашалып қалған пысық әріптестiң "Как это?
Вы меня не узнали?" деуге ғана шамасы келген ғой. Әңгімеге шалдың немересі араласыпты.
-Сіз ренжіменізшi, МЕНІҢ АТАМ АЛЖЫП КЕТКЕН, КЕЙДЕ МЕНІ ДЕ ТАНЫМАЙ ҚАЛАДЫ...
...Пысық продюсер пысықтығының арқасында бәрібір киносын түсірді. Тек киносы көрерменнің қатты сынына ұшырағаны болмаса...
P.S. Ана тілінен мақұрым, тарихынан хабары жоқ тағы бір "пысықайға" "Хабар" Қарасай батыр жайлы сериалды сеніп тапсырыпты. Айналайын -ай, ол да бір алжыған шалға ұрынып қалмаса жарар еді...
Арман Сқабылұлы
Фейсбуктегі парақшасынан





