Ал сол өлем деген уақытында өлмей қалса не болады?

Жақында қаладан тым қашық, 20 шақты үйден тұратын ауылға бардым. Сеть ұстамайды. Мешіт, мәдениет үйі арман оларға. Мектеп 9 сыныпқа дейін. Мал бағуға таптырмайтын жер. Айнала бұлақ. Жер қарайса жайнап шыға келетіні көрініп-ақ тұр. Тұрақтап қалған жастардың кәсібі - шоғырланып алып арақ ішу. Біз қатарлы жігіттер 45-тегі сақа жігіттер сияқты. Ерте қартайып кеткен. Бір бөтелкеге бола қора салып беруге бар. Әңгімелерінің тең жартысы лас сөз бен өсек. Қысқасы, қорқынышты орта. Қараңғы болашақ. Кешке ең ауқатты, абыройлы деген кісінің үйінде қонақта болдық. Ауыл ақсақалдары тегіс жиналды. Құрығанда, солардан пәтулі әңгіме күткем. Армандапсың ақтоқты, қысты күні көк шөпті! Насыбайды қақ төрде астыңғы ерінге салып жіберіп, боқауызды езіп, карта ойын басталып кетті. Шай ішіліп, ет жегесін ешқайда айтылмаған бата күткем тағы. "О, құдайым қолдасын, бар жықсылықты жолдасын" деп қайырып тастады. "Өлілерге құран бағыштайық" деді ақылдылау біреуі. Әйелі де, еркегі де бір-біріне қарайды, жаңа танысып жатқандай. Ыңғайға қарап өзім оқып бердім. Бәрі тарап, жайырақ үй иесі, ақсақал, мені жетектеп гаражына апарды. Көненің көзі болатындай дүние сыйлай ме екен деп дәмеленіп қоямын, іштей қуанып. Киізбен оралған, сырты арқанмен қысылған зілдей бірдеңені жарықсыз жерден сүйреп алып шықты. Өзінің суреті, руы, тас қойған балалары деп жазылған құлыптас! Қаладан бір қойға жасатып әкеліпті. "Менің намазымды сен шығарасың" дейді. Намазы дегені жаназасы шығар деп пайымдадым, шошып. "Мен имам не дінтанушы маман емеспін" десең де бой бермейді. Ал сол өлем деген уақытында өлмей қалса не болады?
.facebook.com парақшасынан





