Аққудың етін жеп көрдіңіз бе?

Уәде берем, 10 қазақ болса, соның ешқайсысы аққу етінің дәмі қандай боларын білмейді. Өйткені жемеген. Жеуің не? Атуға болмайтын құс деп санаймыз. Бірақ ше, түр-сипаты сол аққуға ұқсайтын "қазды", қазекем атады, сүйсіне жейді. Қызық иә?!
Аққуды оқтан не қорғап тұр? Оны да атып алар еді ғой, алайда "киесі ұрады" деп қорқады. Кесірі тиіп кетеді деп аяқ тартады. Осы үрей ғой әлгі маңғаз құсты оқтан сақтап тұрған.
Айтпақшы, "Бекет ата" мешітіне барсаңыз, айналасында өріп жүрген арқарларға да ешкім тимейтінін көрген шығарсыз? Өйткені бұ жерде аңды өлтірсең - Құдайдың қарғысына қаласың деген түсінік бар. Осыдан кейін әлгі арқарларға мылтық кезену былай тұрсын, аналарға қарап жұтыну қорқынышты.
Біздің жұрттың осындай ырымшылдығын тұқымы құрып бара жатқан жануарларды қорғауда пайдалану керек сияқты. Бекет ата мешітінің маңындағы жануарларды атуға болмайды деген сияқты, тура солай Ұлытауда да аң өлтірген адам бақытсыз болады деген мифтер керек. Әйтпесе бұл қазағыңа - арқарлар өте аз қалды, киіктер құрып кетудің алдында тұр, - деген сөздеріміз еш өтпей жатыр ғой.
Аққуға шығарғандай, енді киіктер туралы да осындай дала аңыздарын шығару керек! "Киік атып жүріп, үйтіп қапты". "Үйіне келсе, кішкентай баласы бүйтіп қапты" деген қысас әңгімелерді тарату керек. Әлгі аңыздар шын сияқты көріну үшін, даладағы браконьерлердің бір-екеуін... Түсіндіңіз ғой иә?!
Киік жайлы аңыздар әсерлі шығуы үшін ақындар қатты жұмыс істеу керек. "Аққулар ұйықтағанда" секілді киіктерге қатысты, жүрекке тиер, әсер етер өлеңдерін көбейтсе... Көмектеседі ме?
Нұрбек Бекбау
Фейсбуктегі парақшасынан





