"Әруақ шақыру" қазақтың генетикалық коды...
Көпшілік қазақтың дүниетанымында тірі мен өлі бірге жасай береді. "Бірге өлмек жоқ", "тірі тіршілігін қылады" деп айтқанымен мұндай қазақтың ойынан о дүниелік болған жақын жандары бір сәт шықпайды.
Сол себепті шығар, қандай да бір қуаныш үстінде ең әуелі "шіркін, атасы осы қызығын көргенде..." деп кемсеңдеп алады, біреуді таныстырғанда кіріспе ретінде марқұм ата-бабаларының кім болғаны міндетті түрде еске алынады, ауылына алыс сапардан қайтқанда бар шаруасын жинап қойып зират басына бір барып қайтпай көңілі көншімейді. "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деп жұма сайын, кейбірі тіпті күнделікті әруақтарға дұға бағыштап тұрады. Баяғыда бір ақсақалдың ағайындарына: "Күн сайын таңғы дұғамда барлық марқұм ата-баба, апа-әжелеріңді көз алдымнан тізіп өткізіп отыратын қадірімді білесіңдер ме, осы" деп сөйлегенін естіп ем. Ойланып отырсам, барлық бақилық болған туған-туыс пен дос-жаранның әзиз рухтарын қайда жүрсек те, жанымыздан тастамайды екенбіз. "Әруақ алқап жүретін" хал осы болса керек.
Қазаққа ерекше қайрат бітіретін "әруақ шақыру" әдеті де бөлекше болмысының белгісі. Шешуші сәтте арысы алты алаштың, берісі жеті атаның аманатын, қуанышы мен күйінішін, қасиеті мен қасіретін тұла бойдан өткізіп, бір Аллаға тәуекел етіп, алмастың жүзіне айналу амалы.
Қазақтың әруақ пен мәйітке деген құрметі - этнографтар үшін таусылмайтын зерттеу тақырыбы-ау. Баяғыда ауылда қатарлас досының бірі дүниеден озғанда марқұм атам бірнеше апта жас бейітті қорып жүрді. Қабірге сарышұнақ қазып кірмесін, әлі еті ақпаған денені қорламасын деп ін қарайды, түтін салады. Басында түнейді. Өлі досының өзін жалғыз қалдырғысы келмейді. Сәбиінің ұйқысын қорып, бесікті күзеткен қамқор ананың қимылындай. Енді есіме түсірсем, көңіл босататын көрініс.
Мұның бәрін қазақ не үшін қылады? Өйткені күні ертең Хақ Тәңірінің алдында көңіліндегі барша әруақпен қайта қауышатынына еш күмән келтірмейді. Тіріні сыйлау, өліні құрметтеу - "бес күн жалған" өмірдің мәні деп түсінеді.
Бұл фәлсафа - көпшілік қазақтың генетикалық коды.
Ғалым Боқаш
Facebook-тегі парақшасынан