Бала қай тілде оқыса, сол тілде өмірге деген көзқарасы қалыптасады

Мектептегі оқу тілі мәселесі бар. Мысалы бала қай тілде оқыса, сол тілде өмірге деген көзқарасы қалыптасады. «Себебі өмір заңы сондай. Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деп Мұстафа Шоқай атамыз айтып кеткен. Ол рас. Себебі өмірге, саясат пен мына әлемдік құбылыстарға сол ұлттың көзімен қарайтын болады.
Бір статистиканы көзім шалып қалды. Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сенетін болсақ, 1999-2000 оқу жылында білім алған 3,5 миллион оқушының 1,6 миллионы қазақ тілінде (50,6%), 1,5 миллионы орыс тілінде (45%), 80 мыңы өзбек тілінде (2,3%), 23 мыңы ұйғыр тілінде (0,6%), 2,5 мыңы тәжік тілінде (0,07%) және қалғандары өзге тілдерде білім алған екен.
Ал бұл көрсеткіш 2014 жылы өзгеріпті, яғни білім алушылардың 67% қазақ тілінде, 31% орыс тілінде білім алыпты. Қалғандары өзге тілде.
Енді соңғы бейресми сарапшылардың дерегіне сүйенсек қазақ тілінің үлесі қазір мектепте 80-85% арасында дейді. Келер жылы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында түрлі статистикалар шығатын болады. Сонда бұл көрсеткіш те нақты шығуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз қазақ тілінің үлесін жыл сайын арттыра беру болуы тиіс. Орыс тілді мектептер азайып келеді, себебі оған отанына кетіп жатқан өзге ұлт өкілдері мен қазақтың демографиялық өсуі де әсер етуде. Қазақ тілді мектептің пайыздық үлесінің көбейе беруі, біз үшін жағымды жаңалық.
Асхат Қасенғали
Фейсбуктегі парақшасынан





