Баланың жігерін оп-оңай жасыта салатын мұғалімдерге сəл-пəл өкпелеп қалдым

Анда - санда ыңылдап қойғаным болмаса əн айтуға қырым жоқ. Нағашыма тартпағанның кері де. Ата-анадан төртеу тусақ , соның біреуі ғана домбыраның құлағында ойнайды екен. Керемет -ақ дауысы бар. Менің емес, сол ағамның жезтаңдай болғанына кейде ішім күйіп кетеді. Қаншама рет əн айтамын деп оқталдым. Бірақ Құдай ар жағыңа бермеген соң қиын екен. Бастауыш оқып жүргенімізде ғой. Мектебімізде əн сабағынан беретін Рысбек деген баян тартатын ағайымыз болды. Марқұм ағайымыз менен əнші шығарғысы келді ме, əлде өз қызметін адал атқарғандығы болар, мені қаншама рет алға сүйреді. Сабақтан тыс уақытта да дайындады. ШАТТАНДЫРҒАН МЕНІ ƏН ҚАНАТЫҢМЕН , ҚҰТТЫҚТАЙМЫН СЕНІ САЛТАНАТЫҢМЕН. ЛЯ-ЛЯ-ЛЯ- ЛЯ МІНЕ АНАҒА арналған осы əнді жылдар бойы үйреткен шығар. Ағайымның баяны бір шетте менің дауысым бір шетте лағып жүретін.
Ол ол ма сынып жетекшім менен биші шығарғысы да кеген. Сыныптағы бойлары бір -біріне сəйкес келмейтін қыздарды қамажайға билететін. Аяқ-қолым икемге келмей қиналатынмын. Апайымыз басымыздан сарт еткізетін. Содан не керек сол биді билеп шықтықтық қой. Айтпағым, бірде қызым мен ұлым мектептен бұртиып келді. Апайлары екеуіне де биге икемдерің жоқ деп қатыстырмай қойыпты. Анаңның биге икемі жоқ. Сендерде қайдан икем болсын дедім ішімнен.
Бірақ баланы бір рет қана сынап көріп, сенің қырың жоқ - деп, қатысамын деп тұрған баланың жігерін оп-оңай жасыта салатын мұғалімдерге сəл-пəл өкпелеп қалдым. Өзімнің өткен шағыма көз тастадым. Икеміміз жоқ болса да бізді біреуден бөліп жарып алаламай жылдар бойы сүйрелеген мұғалімдеріме риза болдым. Қарап отырсам олар əулие екен ғой.
Салтанат Абылбекова
Фейсбуктегі парақшасынан





