Билік дәлізін кешіп жүру деген сөз – шенді шекпендімен ауыз жаласу емес...

Осы күнгі жұрт шетінен көріпкел, сәуегей болып кеткен бе, қалай өзі... Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын бастамай жатып, алғашқы отырысын өткізбей жатып қоғамды, қоғамға мүше болғандарды шетінен сыпыра жамандап, қоғам жұмысына сенімсіздік білдіруде. Сенімсіздік білдірушілердің ішінде мен білімі мен білігінің шегін білетіндер де бар екен. Солардың постын оқып басында күліп қана қойғам, сөйтсем сыншы-көріпкелдерімнің екпіні күшейіп кетіпті. Олар мына түрімен қоғамдық кеңес жұмысын бастамастан тоқтатса, қуана қол соғатыны белгілі болды. Әйтсе де, оларға "қоя тұрыңыздар!" дегеніміз жөн сияқты. Себебі, қоғамдық кеңестің қызметі бұл - лауазым да, мансап та емес. Мен оны жауапкершілік деп түсінемін. Ал жауапкершілікті осы елге, осы мемлекетке жанымыз ашыса, теңдей бөлісейік. Бізге пікір, ұсыныстарыңызды айтыңыздар, біз соны кеңестің отырысына жеткізіп, талқыға салайық, шешімін табайық. Өз басым "БАҚ туралы заңды қайта қарау керек" дегенді айтып жүргем. Заң қайтадан қаралатын болды. Бұл ретте біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен қойын қолтық жұмыс жасайтын шығармыз. Қазақ билігі - ол қайткенде менің билігім. Мен өз билігіммен жұмыс жасауға, мәселе талқылауға қақылымын! Билік дәлізін кешіп жүру деген сөз - шенді шекпендімен ауыз жаласу емес. Осыны алдымен түсініп алғанымыз жөн деп ойлаймын. Ал мен сыншыларымның сын-пікірін тыңдауға, ақылдасып, кеңесуге дайынмын. Бұндай қоғамдық ұйымның ілгеріде қатарында болмасақ та, мүше болғандарға кезінде тілектестігімізді білдірдік, ойымызды айттық. Үміт күттік. Үміт қашанда үргедек, үміт - әлсіз. Алайда, шайтан ғана үмітсіз болсын. Сіз бен біз үміттерден үміт үзе бермейік!
Даурен Куат
Фейсбуктегі парақшасынан





