Бір–бірімізге сезіміміз иіп, еріндерімізге ерініміз тиіп, енді...
ЖАРАПАЗАН
Әйеліміз екеуміздің жастыққа басымыз енді тиіп, бір–бірімізге сезіміміз иіп, еріндерімізге ерініміз тиіп, енді... Түсінесіздер ғой, жол сапардан келгенім бүгін, әйелімді сағынып қалыппын, бір кезде дарбазамыз жақтан шулаған дауыс шықты. Атып тұрып, жедел киіне салдым да, аулаға шықтым, есікті ашсам, алпыс шақты адамдар тұр. Жарапазан айтып. Ораза айы екені есіме түсіп, «Жарапазанда жас балалар айтушы еді, ересектер ерігіп жүр–ау?» деп ойладым ішімнен.
Сөйтсем, мыналар өзім басқаратын компанияның жұмысшылары! Айлықтарын бермей қашып жүргеніме жеті ай өткен еді, үйімді қалай тауып алған десеңші?
–Айтайын айт дегенде, жарапазан,
Бір келген он екі айда, ораза иман,
Ассалаумағалейкум, басекежан,
Компания бастығына бердік сәлем...
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем,
Ашпыз ғой, ішіміз–ай, әлем–жәлем!
Айлықты жеті ай болды, көрмей кеттік,
Осы үйге сұрай–сұрай әрең жеттік...
Айлықты беремін деп офис барсаң,
Пейіштен құрма жейсің уыс–уыс,
Бермесең о атаңа нәлет дейміздағы,
Тінтеміз үйіңізді қуыс–қуыс...
Қой, мыналардың беті жаман, аяғымды аспаннан келтіріп жүрер деп ойлап, үйімнен бір қапшық ақша арқалап әкелдім де, айлықтарын таратып беріп едім, бір жұмысшым бата берді:
–Үйіңіздің артында шатыр болсын,
Балаңыз Сирия кетпей, батыр болсын,
Астыңда кісіненген атың болсын,
Көре алмағандар сыразым қатын болсын!
Айтайын жарапазан есігіңе,
Тоқалың туып берсін, бесігіңе...
Ұл берсе қошқардай ғып бесігіңе,
Пісте май жағып қойғын етігіңе...
Содан енді құтылып дегендей, әйелімді аймалап, сезімдерімді селдетіп, көңілімді желдетіп, енді құшақтай бергенімде... Даладан тағы да жамыраған дауыс шықты... Жүгіріп жетіп барсам, тағы да тоқсан адам тұр. Қолдарында плакат. Қараңғыда не жазып қойғандарын оқи алмадым. Бар білгенім, жарапазан айта бастады. Дереу екі қапшық ақшамды арқалап әкеліп, бәріне айлықтарын таратып бердім. Тіпті біреуі қайта–қайта бата беріп: «Басеке, маған пәтер беремін деп едіңіз ғой, деп едіңіз ғой...» деп қояды. Қолына құрт ұстатып, енді жата бергенімізде... Тағы да...
Бір топ полиция келіп, жарапазан айтып тұр. «Сендерге не керек?» деп сұрасам, «Бизнесің биттеп кеткен, арыңды ит жеп кеткен, мәселеңді май шаммен қараймыз!» дейді. Параның жарапазан түріне көшкендерден түңіліп, беттеріне «шынымен полицейлер ме?» деп үңіліп, қолдарына жүз бакстан ұстатып жібердім.
Ұйықтап кеткен екенбіз. Түннің бір уағында жамыраған дауыстан дірілдеп, көзімнің алды іріңдеп ояндым. Сөйтсем, салықшылар жарапазан айтып тұр. «Салықтан жалтарып жүргеніңе жол болсын?» дейді.
Бәріне беретінімді беріп, баталарын алып, үйге кірдім. Әйелімнің көздері орын ауыстырып кеткендей... Құдайым–ай, енді қайттім? Тегін ақыл айтыңыздаршы, айтпақшы, ораза айларыңыз қабыл болсын!
Мұхтар Шерім
Фейсбуктегі парақшасынан