Біз әлі күнге дейін көзі тірі бірде-бір мықты жазушымызды әлем түгілі, ТМД-ға таныта алмай келеміз

Мәскеуге алғаш келген кезімде орыстың көптеген әдебиетшілерінен “Бізде осындай мықты, көрнекті жазушылар бар. Қандай шығармасын оқып едіңіз?” десем, “Кешіріңіз, атын да естімеппін” деген жауап естідім. Сосын “Абай мен Әуезовтеріңізді білем” дейді. Оларды қаншалықты дәрежеде білетінін Құдай біледі. Мен орыс әдебиетшілерін кейбіреулер секілді “бұлар ешкімді танығысы келмейді, мойындағысы келмейді” деп жазғыра алмаймын. Жақсы кітап, адамға азық берер “ақылды кітап” – адамзатқа ортақ. Біз әлі күнге дейін көзі тірі бірде-бір мықты жазушымызды әлем түгілі, ТМД-ға таныта алмай келеміз. Ал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын орыстың жастары жақсы көріп оқиды екен. Шыңғыс Айтматов, сөз жоқ, мықты жазушы. Бірақ оның мықты жазушы екенін әлемге айғайлап айтып, жарнамасын жасап берген біздің қазақтар ғой. Біздің кемшілігіміз: өзімізді өзіміз бағалап, өзімізді өзіміз көтеріп, өзімізді өзіміз көрсете алмай келеміз. Елде жүргенде әдеби басылымдардан, әдеби кештерден бір жазушы не ақын туралы “әлемге әйгілі жазушы” не “әлемге әйгілі ақын” деген сөз тіркесін талай оқыдым, жастықпен мен де сондай тіркесті “сүйкеп” жіберген кездерім бар. Мәскеуге келгенде барып, сол сөздің сұмдық пафос екенін түсініп, біздің жанымыз соншалықты “пафосты” сүйетінін сезініп, жылағым келді…
Аягүл Мантай
Facebook-тегі парақшасынан





