Дауы басылмаған дамбал да дүние болған заман-ай!

ДАМБАЛДЫҢ ДАУЫ
Университетті бітіріп дипломын алған Оралбай үйіне бір ауыз қазақша білмейтін кәріс қызын келін етіп түсіреді.Әке-шешесі қанша қарсы болғанымен ағайындары:
- Ашуыңды бас! «Тең-теңімен-тезек қабымен» деген.Қазіргі жастар таңдауы осындай.екі жас бақытты болсын деп тіле!Онан да малыңды сойып,беташарға дайындал! - депті.
- Ұлты да,діні де бөлек, - дей бергенде:
- Молданы алдырып,мұсылман дініне кіргіземіз,-деген ағайынның айтқаны болды.Молданы шақыртып кәпірдің қызын мұсылман дініне өткізіп болған соң:
- Ағайын-туыстарға,көршілерге түгел хабарлаңдар,түсте біздің үйде бет ашар болады, - деп атасының ашуы тарқайды...
Мектептен келген Бейсенбектің көзі тапшан үстіндегі газетке ораулы жатқан затқа көзі түсіпті. Жалма-жан ашып қараса ішіндегі маталар екен.
- Жеңгемнің беташарға алып бара жатқан көрімдігі болды ғой,мұны қызық қылайын, - деп жуылып,жіпте жаюлы тұрған әкесінің ескі тозығы жеткен дамбалын әлгі маталардың арасына орап қосып қояды.Түк білмегендей ішке кірсе шынында көрші тұратын жеңгесі келген екен.
- Жеңеше,қалайсыз? Тәуір киініп алыпсыз тойға баратындай?
- Иә,арғы көшедегі ағайдың үйінде болатын беташарға апамды ертіп барсам ба деп келдім,-дейді ағынан жарыла жеңгесі..
Содан сөмкесіне орамал,маталарын салып келінімен бірге апасы да барады.
- Кәріс келінің құтты болсын,бақытты,баянды ғұмыр кешсін,-деп тойға келген қатындар сөмке,пакеттерін үй иесіне табыстап жатты. Тамақ желініп,шәй ішіп болған соң ата-ене,қайны-қайнағаларына түк түсінбесе де иіліп сәлем салған кәріс келінге жиналған жұрт риза болып тарқасып жатты.Дәл осы кезде үйден шу шықты.Атам қазақтың шексіз салт-дәстүрі таусылған ба? Беташарға сөмке жасап келгендерге:
- Той ғой,қолдарың құр қайтпасын,-деп бауырсақ,кәмпиттерін салып, әкелген матаның орнына мата салып қайтаратын салты бар. Міне,сондай сөмкелердің бірін ашса маталардың арасынан баяғы бейсенбектің салып жіберген әкесінің ескі дамбалы шықпай ма?
- Мұны менің келінім кәріс екенін біліп,көре алмайтын біреу «Арнайы ырым жасап» әкелген,-деп айқай-шу басталады.
- Мына сөмке кімдікі?
- Бірінші рет көріп тұрмыз!
- Сырған-ау! Бұл сенің сөмкең ғой!
- Иә,бұл менікі!
- Онда мына еркектің ескі дамбалын қандай оймен әкелдің?
- Оны ішіне кім салып жіберген?
- Тойға алып келген сен білмесең,біз қайдан білеміз? Жұрт ары-бері жұлқылай бастаған дамбалды көріп Бейсенбектің апасы:
- Мынау менің шалымның дамбалы ғой,танып тұрмын. Сен неге жіпте жаюлы тұрған жерінен аласың?
- Апа,оны мен алғаным жоқ. Білмеймін қалай менің сөмкемде атамның дамбалы жүргенін?, - деп келіні жұрттың көзінше жылап жіберді.
- Сендер мұны ескі деп тұрсыңдар ма? Шалым бұл дамбалды әлі екі жыл киеді, - деп шалының дамбалын қолтығына қысып « жоғалып табылған» затына қуанып үйіне қарай кете берді.Келіні Сырған болса енесінің артынан жылап барады.. Дауы басылмаған дамбал да дүние болған заман-ай!
Төпен Әмірбек
Фейсбуктегі парақшасынан





