Дер кезінде жасамаған іс-әрекет – адамды нағыз бақытсыз етеді...

Адам мың жыл өмір сүретіндей жүреді. Бір-бірімен дүние, ақша, атақ жинаудан бәсекелеседі. “Жақсы өмір сүру, бақытты болу - осы” деген танымды миына орнатып алған. Адамзаттың танымына қандай бағдарлама орнатпады дейсіз.
Бұл-әдемі өмір сүру жаман деген көзқарас емес. Оның құлына айналмау. Соның жолында өзіңнен, негізіңнен, қасиетіңнен айырылып қалмау. Ол балансты бәрі бірдей ұстап тұра алмайды.
Уақыт - жеткізбейтін, тоқтамайтын өлшем. Нөмірі бірінші қажеттілік ақша саналғанымен ең құндысы - уақыт. Ақшаны - табасың, уақыт - ешқашан қайтып келмейді.
Сондықтан дер кезінде өмір сүру маңызды. Ол - сондай қарапайым ғана нәрселер: жаның қалаған іспен айналысу, жүрегің қалаған адаммен өмір кешу, шын қуанып, шын жақсы көру, адамдармен шынайы, есепсіз араласу тсс. Олар шындығында керемет эмоция сыйлайды. Өмір сыйлайды.
Уақытында, дер кезінде алмаған эмоция, күй кейін өзіңізге қарсы жұмыс істейді. Ол адамның ішінде өкініш, реніш түрінде жинала береді.
Көбіміз инерциямен жүреміз, күнде бір маршрут. Біраз адам тіпті не керегін білмейді. Өзгенің жоспарымен жүреді, біреудің қажеттілігін өтеумен өмір кешеді. Әдетті, бағытты өзгертуге қорқады. Арман айқын емес, тіпті армандай алмайды. Миға лимит қойып қойған.
Тоқтап, аялдап, уақытында өмір сүру маңызды. Жаныңа жақсы эмоция сыйла! Ол - жақсы көретініңді дер кезінде айту, уақытында кешірім сұрау, кешіру, қалағаныңа күнде бір қадам болсын жүру, құрбы-құрдас, ағайынмен күліп шәй ішу, әңгімелесу, балалармен ойнау, олармен сырласу, жақсы тілек айту, жиі күлу, жымию, серуендеу, сырласу, құшақтау, мейірімді болу, беру, бөлісу т.б. Уақытынан кешіксең бұлар маңызын жояды.
Кейін жақсы көретініңді айтып әлемге айғайласаң да, тізерлеп кешірім сұрасаң да, сағыныштан кеудең қарс айырылса да, енді түсіндім деп жүгірсең де естімеуі мүмкін. Себебі уақыты өтіп кетеді. Балалар өсіп, құрбылар қартайып, ренжігендер кетіп, сағынғандар ұмытып кетеді. Маңызын жояды. Арманның орындалмауы, жанның қалауын таппауы, дер кезінде жасамаған іс-әрекет - адамды нағыз бақытсыз етеді.
Өкініш өшіріп тастай салатын нәрсе емес. Ол өмір бойы сенің санаңда, жадыңда, жаныңда “егер, неге” деген сұрақтарымен қалады және есіңе түскен сайын “қорқақ” болғаныңа ыза боласың. Дер кезінде өмір сүру маңызды.
Уақытыңды тек қана ақша табу мен ішіп- жеуге, баянсыз жарыстарға арнама.
Бұл өмірде ешкім жеңіске жеткен емес. Финал бәрінде бірдей. Және ешкім, ешқашан, ештеңені әкете алмаған.
Өмір сүр!
Жанар Шамель
Фейсбуктегі парақшасынан





