Димаш қазақ жұртының музыкалық талғамын бірден арттырды

Димаш қазақ жұртының музыкалық талғамын бірден арттырды

Өткенде желіні ашып қалсам Димаштың жеңісі туралы жаңалық жарқ ете қалды. Жақсы көретін әншім. Бірден қостым да тыңдадым. Ұнады. Шай басында әйел бала-шағама «ана, Димаш деген әнші бала бар еді ғой, сол Қытайда бір конкурсқа қатысып жатыр екен. Французша бір өлең орындады. Ғажап ән екен. Қатты ұнады!» дедім. Осыдан соң үйдегі үлкен-кіші түгел таласып тыңдай бастады. Тыңдаған сайын бәріміз «ауру» болдық. Французша түсінбейсің. Бірақ айтқан әні іші-бауырыңды суырып алады. Бибім де, қыздарым да оны жыламай тыңдамайтын болды. Өзім де әннің әуені мен ырғағына қарап: «әй, мынау дәу де болса адамның экзистенциялық құмарын қандыратын бір рухани ән болды-ау» деп ойладым. Содан бастап үйде «Димаштану» күндері басталды десе де болады. Қыздарым youtube-ті ақтарып оның бүкіл концертін қопарды. Әндеріне реакция танытып, аһ, ух деп өліп отыратын әлемдік интернетшілердің көңіл күйі мен реакциясын көріп шықты. Елдің дені әннің астына «Бұл кім өзі? Орындап жатқаны не ән?» деп жазыпты. Бір маман «Бұл француз әні. Шырқап тұрған Димаш атты қазақ. Грегори Лемаршаль деген француздың жас жігіті кезінде осы әнмен әлемді біраз шулатқан. Бұл рухани ән. Өмірдегі қатігездіктен жалығып, адамдардан мейірім мен махаббат іздеп, рухани әбден шөлдеген адамның хал-ақуалы суреттеледі» деп жазыпты. Бұдан соң әншіге де, әнге де қызығушылық артты. Кеше ФБ арқылы Құдай бере салған Қанат Тасыбеков ағама шықтым да «Димаштың французша шырқаған әнін сөзбе-сөз аударып бересіз бе?» деп қолқа салдым. Қанат аға сол заматта «Інім, айтсаң болды. Әміріңе құлдық» деді де он минутта қазақшасын жіберді. Аударманы алдым да Түркияда жатқан Мұхитқа хабарластым. «Мұхит, дереу мына әнді қазақшаға ұйқаспен құра» дедім. «Аға, айтсаңыз болды. Әміріңізге құлдық» деді де он минутта өлеңді шоколад қылып құрап берді. Сондағы мәтіні мынау:
Не үшін өмір сүріп, неге өлемін,
Жылап, неге күлкіге бөленемін.
Жазалы пенделерге жәрдем тілеп,
Жерден жырақ мекенге жөнелемін.
Қанат бітсе, самғар ем бұл құстармен
Жұмақ жоқ, жерде жүріп гүл құшқанмен.
Көкте ұшсам ғой, шіркін-ай, азат болып,
Менің жаным жалықты кірпіш тәннен.
Осыдан соң Грегори Лемаршальмен де таныстық. Жарықтық 24 жасында муковисцидоз деген аты жаман аурудан ақыры ажал құшыпты. Жатқан жері жарық болсын француз баланың. Бірақ жас та болса бас болған нағыз ер екен. Ауруымен айқасып жүріп әншілік талантын ақыры жарыққа шығарып үлгерген. 1998 жылы Франциядағы футбол чемпионатында әкесімен финал ойынға бәстесіп, жеңіліп қалып кафеде амалының жоқтығынан ән салмағанда бәлкім таланты әлемге танылмас та ма еді кім білсін? Оның ғажайып даусына тәнті болған мамандар кәсіби әншілікке қояр да қоймай сүйрей жөнеліпті.
Өкінішке орай 2007 жылдың ақпан айынан бастап әншінің денсаулығы күрт нашарлайды. Екі өкпесі жарамай істен шығады. Қырсыққанда ауыстыра қоятын донор өкпе де табылмайды. Ауруды қайтсем де жеңемін деп соңына дейін қайраттанып күреседі. Амал нешік - емі жоқ жаман мерез ақыры алып тынады. Оны жерлеуге өнерге бас иген Францияның бүкіл игі жақсысы қатысады. Грегоридің анасы да ақылды адам екен. Ол «Баламды алып ұрған аурудан кек аламын. Ұлымды ауруға «ұрлатып» қойып қарап отыра алмаспын» деп муковисцидоз деген кеселмен күресетін қор ашады. Әншінің фанаттары қыруар қаржыны сол қорға аударады. 2007 жылдың 7 шілдесінде «Association Grégory Lemarchal» қоры елде ресми тіркелді. 2007 жылдың күзінде әншінің қарындасы «Менің ағам - артист» деген естелік кітап жазып сатады. Кітаптан түскен қаржыны аурумен күресетін қорларға аударады. Соның арқасында қаншама пациент дер кезінде ем алып, ажалдың тырнағынан құтылды. Осылайша 24 жыл ғұмыр кешкен жас әнші өлген соң да талай адамға шарапатын әлі де тигізіп жатыр. Біздің Димаш оның әнін әуелетіп шырқағанда жарықтық Грегоридің әруағы жатқан жерінде бір аунап түскен шығар.
Димаш он күннің ішінде қазақ жұртының музыкалық талғамын бірден арттырды. Өтірік ән мен әншіні амалсыз тыңдай беріп талғамдары доғалданып кеткен елдің бәрі Димаштан соң таза бұлақтан су ішкендей рақаттанып сала берді. Елдегі әділетсіздік пен жемқорлықтан рухы езіліп, жаншылып отырған бұқара халық бір серпіліп қалды. Ең қызығы - оны жыламай тыңдай алмайсың. Қатігездіктен қатып қалған миллиондаған (бәлкім миллиардтаған ) жүректер жұмсарып сала берді.
Құдай Құранда «Бұ дүниеде аз күліңдер. Көп жылаңдар» деп кеңес береді. Бірақ бұл айтуға ғана оңай. Нақты істе яки, құлшылықта бұлай егіліп жылай алмайсың. Орынсыз көп күлудің адам жаны үшін өте қатерлі екенін Тәңірі тағала кітабында ескертті. Бірақ Қазақстандағы ТВ арналар бізді барынша көбірек күлдіруге жанын салып бағады. Көңілдері көң сияқты қатып, жүректері тезірек өлсін дегені ме кім білсін...
Діни көсемдерден болса да қайран жоқ. Олар күлдірейін деп күлдірмейді. Еріксіз күлдіреді. Немесе олардың ісіне күйініп отырып күлесің.
Міне осылар жасай алмаған рухани атмосфераны бір ғана әнші жасап берді. Қаншама суыған көңіл мен қатайған жүрек бір ғана әннің шарапатынан мейірім мен шапағатқа толды. Логотерапияда айтылатын «жасампаздық құндылық» пен «Сезім құндылығы» деген осы. Димаш жасампаз талантымен өмірін Мәнге толтырды. Қаншама адамға қуаныш сыйлады. Миллиардтаған адам ғажайып сезімді бастан кешіп, олар да кеудесін Мәнге толтырды. Бұдан артық не керек?!

Sanjar Kerimbay
Facebook-тегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста