Дінді барлық салаға тыға беруге болмайды...

«Мектепке хиджаб киіп баруды рұқсат етіңдер» деген талаптар жиілеп кетіпті. Желіде, әр топта өріп жүр. Бұл сұрақ сонау Оңтүстік Қазақстандағы бір ауылдың оқушылары тұтас сабаққа бармаған сәтте үлкен дауға айланып, шешімін тапты ма десем, әлі де көтеріп, тіпті оны маздатып жібергісі келетіндер саны көп сияқты.
Мектеп ол мемлекеттік мекеме. Оның өзіндік шарттары, талаптары мен ережелері бар. Оны орындау әр адамға міндет. Заң солай міндеттейді. Әркім білгенін істеп, ойлағанын жасаса елдіктен не қалады?! Мейлі мұсылман бол, мейлі христиан, мейлі буддист және басқа дін өкілі, Құдайға сенетін һәм сенбейтін адам бол, кім болсаң о бол, ережеге бағыну міндет. Ешкім ешкімнен артық емес және кем емес. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан қағида, елді ел ететін де сол.
Мектептің өз формасы бар, соны кию абзал. Мектеп формасын өзгертуге қатысты әңгіме болса, онда ол мүлде басқа тақырып. Оның дизайнын көркемдеу, әсемдеу, ұлттық бір нышан қосу, қыздардың юбкалары тым қысқа дейтіндер болса ұзарту және басқа ұсыныстар айтылса, оны жөн көріп, талқылауға болатын шығар. Бірақ қандай дін болса да, оның атрибутикасын мектепке кіргізуді қолдамас едім. Қандай дін болса да. Діни киім киетін мекемелер бар. Мысалы медресе, христиандардың өз оқу орындары дегендей. Ондай жерде діни форманы киіп бару міндет қой, сол сияқты мектепке де өзіне тән ережені орындау міндет. Сарбаздар әскери формамен жүреді, медицина қызметкерлері халатпен. Неге? Себебі бекітілген талап сол және ол дұрыс.
Дінді барлық салаға тыға беруге болмайды. Ол сенім, әр адамның Жаратушымен жеке қарым-қатынасы туралы нәзік сезім. Соны ұмытпайық.
Асхат Қасенғали
Фейсбуктегі парақшасынан





