Дүниеге келген әр қазақтың аман болуына атсалысайық!
Соңғы бір мәліметтерге сенсек, әлемде COVID-19 коронавирусы 22,8 миллион адамға жұғып, оның 797,7 мыңы қайтыс болыпты. Ал ресми дерек бойынша, елімізде наурыздың 13-і мен тамыздың 21-і аралығында 104 313 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған көрінеді. Жазылып шыққандарды айтпай-ақ қоялық, осынша аурудың 1496-сы қайтыс болыпты. Оның үстіне Денсаулық министрлігі шілденің 1-і мен 8-і аралығында пневмонияға шалдыққан 56 809 адамның 39 702-сінде коронавирус белгілері барын мәлімдеген. Бірақ бұл науқастардың ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмаған. Енді бір «нострадамустар» «қараша айының басында Қазақстанда COVID-19 дертіне 50 мың адам шалдығып, күніне 80-100 адам қайтыс болады» деп болжап отыр. Ылайым, олардың жағына жылан жұмыртқаласын! Бірақ Меккеге барып список бойынша қарғыс жаудыратын бауырымызға ұқсап әлдекімді қарғап-сілеп отыра бергеннен ештеңе шықпайды. Сақтануымыз керек! Әрқайсысымыз өзімізді өзіміз сақтауымыз керек! Бірімізді біріміз сақтауымыз керек! «Азамат, сені сақтадым, бір күніме керек деп», – деп Махамбет ақын неге айтты? Ойланайық! Тойды азайтып, ойды көбірек ойлайық, ойласайық! «Қазақтың санын тоқал алып қана көбейтуге болады» деп шолақ түсінбей, дүниеге келген әр қазақтың аман болуына ат салысайық! Сонда ғана көбейеміз біз. Қараша айының басында күніне 100 адамнан айырылатын болсақ, бір айда 3000 адамнан айырылмаймыз ба? Сол 3000 адамды аман сақтасақ, ондаған жылдардан соң олардан 3 млн ұрпақ тарамай ма? Қазақтың санын әр қазақты сақтау арқылы ғана көбейте аламыз!