Ееее де, баяғының аты баяғы екен ғой
Баяғы заманда киімдері сапалы болды ма, əлде адамдар қарапайым болды ма үйдегілер бір-бірімізден қалған киімдерді киіп жүре беруші едік. 1983 жылғы туылған ағам екі жасқа толған кезінде анам оған магазиннен су жаңа қоңыр костюм - шалбар сатып əперген екен. Сол киімді 1984 жылғы ағам да , менен кейінгі 1990 жылғы інім де киіпті. Əлгі киім қанша киілсе де сол күйінде су жаңа еді. Тастауға қимайсың. Анам оны тастауға обалсынып, көршіміздің 1993 жылғы баласына бергені есімде. Киіп жүргенін көретінмін. Одан кейін оны 1998 жылғы ұлы мен 2003 жылғы баласының да кигенін білемін. Не деген тозбайтын киім еді деп өзімде таң қалатынмын. Алтыннан өріліп тігілсе де, шіритін уақыты болды ғой. Жоқ оның тіпті түсі де оңбаған. Еш жері жыртылмаған. Өткенде яғни көктемде ауыл жақа барғанда көріп қалдым, əлгі көршінің 1993 жылғы баласының 2016 жылғы баласы əлгі қоңыр костюм-шалбарды киіп алыпты. Көзіме оттай басылды. Өзіме таныс костюмді жақсы көріп кеттім бе, əлде əлгі балапанды жақсы көріп кеттім бе білмеймін жүгіріп барып балақайды құшақтай алдым.Костюмді ұстап ары-бері тексеріп қоямын. О, Алла! Осындай да болады екен -ау. Отыз жылдан астам уақыт өтсе де , бір жері жыртылмаған. Музейге қоюға болады өзін. Ал қазіргі киімдер ше.Отыз жыл кимек түгілі үш жыл да кие алмайсың. Бағасы удай. Бір рет жусаң ағарып, бояуы ағып шуып кетеді. Немесе жібі шығып түтеп кетеді. Сосын оны сенен кейінгілер өлсе де кимейді. Не істейсің? Дар -дар еткізіп жыртасың да, жараса шаң суртесің, жарамаса фук еткізіп қоқысқа ата саласың. Китайскии сапасыз бəлелер өңкей.
Ееее де, баяғының аты баяғы екен ғой.
Салтанат Абылбекова
Фейсбуктегі парақшасынан