Егер еврей геноциді болмағанда, осы уақытта олар қандай халыққа айналар еді...
15 жасында концлагерде қаза тапқан еврей қызы Анна Франктің күнделігін бір деммен оқып біттім. Алған əсерімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Екі жыл бойына Амстердамдағы тар панада күннің көзі мен таза ауа көрмей, минут сайын үрей құшағында тұншығып, жасырынып жату үшін он екі жасар қызға қаншама төзім керектігі миыма симайды. Ол осындай ауыр жағдайда да қарап жатпапты. Бірнеше тілді, стенографияны үйренді, əртүрлі əдебиеттер оқыды, күнделік жазды. "Осыншама ауыр жүкті біздің мойнымызға артқан кім? Кім бізді, еврейлерді, сан алуан халықтардың ішінен бөлектеп қойды?" деп, үлкендерше ой толғады.
Бұл сауалдардың жауабын, бұдан əрі не істеу керектігін де өзі айтады: "Бұны істеген Құдай. Өзі бір күні мəртебемізді өсіреді. Осы зобалаңның бəріне шыдап берсек, тек əйтеуір, күллі еврей құрып бітпесе, күндердің бір күнінде олар қарғыс атқан, лағнеттелген халықтан басқа жұрт өнеге алатын, үлгі тұтатын елге айналар".
Жасөспірім қыздың сөзімен айтар болсақ, қиын ғасырлар халықты шыңдайды екен. Осалдар жоқ болып, мықтылар қалады екен.
Аннаның айтқаны келді. Еврейлер бүгінде əлемнің тұтқасын ұстап тұр.
Осы жолдарды жазып отырып, өзім өмірде кездестірген бір жай еске оралды. Өткен ғасырдың 80 - жылдары елдегі жалғыз Қазақ телевизиясындағы жетекші қызмет орындарының бəрінде еврейлер отырды. Менімен қызметтес болған Яков Михайлович Клебанов деген режиссер бар-тын. Ойпырмай, марқұмның күнделікті режимі сағаттан да дəл еді-ау! Бір минут ерте де, кеш те емес, дəл сағат 9 -да жұмыста отыратын. Монтажың бітті ме, бітпеді ме, онда шаруасы жоқ, дəл 18.00 -де кабинеттен шығып жүре береді. Тура 13.00 - де түскі асқа кетеді. Тура 15 минут бұрын дəрісін қабылдайды. Сонша бір асып бара жатқан талантты да емес. Бірақ сол ұқыптылығы үшін мінсіз болып көрінетін.
Мен ойлаймын, екі жыл бойы панада тығылып отырған сегіз еврейдің жынданып кетпей аман қалуына себеп болған басты қасиет ТƏРТІП пен ҰҚЫПТЫЛЫҚ па деп. Одан кейін - еңбекқорлық, білімге құмарлық, өркениетке ұмтылыс, өзіне, мақсатына деген сенім.
Панада отырғандар үшін əр кімнің жуынатын, дəретханада отыратын, кітап оқитын, тамақтанатын, тіпті жазу столында кім қанша уақыт отыратынына дейін дəл өлшеп қойылған. Осы тəртіп еш уақытта бұзылмайды. Тəртіп болған жерде уақыт маңыз бен мəнге толады.
Егер еврей геноциді болмағанда, осы уақытта олар қандай халыққа айналар еді деймін ғой. Егер ақылы əлі толыса қоймаған, 15 -ке əлі толмаған Анна: "Елеусіз өмір сүргім келмейді. Мен əлемге құшағымды ашамын. Адамзат баласына пайдалы іспен шұғылданамын " десе, одан ересектері қайтетін еді?
Анна журналист немесе жазушы болуды армандаған еді. Сол тілектің арман қалпында қалып қойғаны өкінішті!
Кітапті қазақ тіліне Шынар Əбділдə аударған.
Гүлмәрия Барманбекова
Фейсбуктегі парақшасынан