Еркек тұрып, әйел сөйлегеннің несі айып?

"Хабар" арнасында жаңа маусымда жарық көрген "Бенефис-шоуға" байланысты пікірлердің дені жүргізушілерге байланысты болып отыр. Бағдарламаның тізгінін Қарақаттың ұстауы кейбіреулерге жақпаған тәрізді.
Енді еркекпіз ғой! "Бөріктінің намысы бір". Қыдырәлінінің үйде ғана емес, эфирде де билік жүргізгенін қалаған болармыз. "Әлін білмеген әлек" әнші-жүргізушілерден шаршаған өз басым, алғашында бұл бағдарламаға да күдікпен қарағаным рас. "Біз журналистиканы оқыған жоқпыз, біз халық деген университетте оқыдық" деп алғашқы бағдарламада-ақ беттерін ашып алған бұл жұптың жүргізушілік қадамдары маған ұнады. Табиғатынан тұйықтау Қыдырәлінің аз да болса саз сөйлеуі, Қарақаттың да әлдекімдердей "қағынбай" байыппен жүргізуі - олардың жүргізушілік образдарының сәтті шыққанын көрсетеді. Еркек тұрып, әйел сөйлегеннің де мұндайда жарасымды болатынын байқадық. Тек, бағдарламаны жасаушы астаналық әріптестеріміз бенефис кейіпкерлерінің тек қана әншілерден ғана тұрмайтынын ескерсе деген тілек бар. Әнші жүргізетін бағдарламаға тек қана әнші қонақ болғаны – көрерменді шаршатқан. Бенефиске танымал ақын да, жазушы да, спортшы да, ғалым да кейіпкер бола алады. Олар да ағынан жарылсын! Олар да өнерін көрсетсін!
Арман Сқабылұлы
Facebook-тегі парақшасынан





