ЭТИКА деген ұғым біздің қоғамда ақсаңдап тұр

1) Жалақың қанша?
2) Үйлендің бе?
3) Қанша балаң бар?
Қазақтың ең анайы, дөрекі, ыңғайсыз, тіпті мәдениетсіз сұрақтары деп айтар едім. Менің ойымша, адам өзі қаласа - жұмысын, тұрмысын, бала-шағасын айтады. Ал айтпай қалды ма - яғни бұл тақырып өзіне ұнамайды дегенді аңғару керек. Бірак бізде қабақтан аңғаратын адам қайда ...
Өкінішке орай, осы 3 сұрақты жиі естимін. Адамдарға сол сұрақты қоюды не итермелейді? Алдында тұрған адамды мұқатқысы келгені ме, өзінің жалақысы көп, жағдайы мәз, баласының саны көп екенін айтқысы келгені ме, әлде мәдениеттің төмендігі ме? - ДЕГЕН сұраққа әлі жауап таппадым.
Адамның жұмысы жоқ немесе жалақысы аз болуы мүмкін. Адамның жолы болмай, үйленбеген (тұрмыс құрмаған) болуы мүмкін. Адамның денсаулығы болмай немесе әйелінің (күйеуінің) денсаулығы болмай, бала көтере алмай жүруі мүмкін. Бірак біздің қоғамның қатыгез, адамжегіш, адамезгіш, адамжәншігіш қоғам екені белгілі. Бізде бетіңе бадырайып тұрып сұрайды.
Құдайға шүкір, үшеуіне де жауап қайтара алатын дәрежем бар, алайда көптеген адамдарға осы сұрақ түрпідей тиіп, әлсіз жерінен тиетіні хақ. Осындай сұрақ қойған адамдармен ары қарай сұхбат жалғастырғанның мәні жоқ сияқты. Жалпы, ЭТИКА деген ұғым біздің қоғамда ақсаңдап тұр.
facebook.com парақшасынан





