Кейде еш себепсіз, әлемді астаң-кестең еткен пайдалы...

Әлемді өзгерту
Кейде өмірдің астаң-кестеңін шығару керек. Үлкен өзгеріс, я болмаса ел-жұрттың таң қалысы үшін емес. Жайдан жай. Өзің үшін. Өз төсегіңде оянып, жуынып аласың да Эверестке шығып кетесің. Құзар шыңға шығып, ондағы ызғырық желмен танго билеп қайту үшін. Не бүгінгі газетті оқып, кофеңді ішіп, жанартаудың отына темекі тұтатып тарт. Сүйікті кітабыңды жауып, жақсы көретін жанға ебедейсіз бір әзіліңді айтып, есікті тарс жабасың да, парашют іліп, 800 метр биіктен секіріп кетсең де болады. Әлем - құшаққа сыймас ғажапқа толы. Үйде отырып, монитордағы әдемі сұлбаларды, адасқан жандарды саусақпен жылжытып отырып әлеммен тыныстап, сылап-сипап, теріңмен сезініп көру мүмкін емес. Өмірді ренішке толтырма. Шектеп тастама. Сүйетін ешкім болмаса - күллі жолдар сені шақырып тұрғаны. Сол жолдарда құзар шыңда қызғанышқа толы қолдар танго билетіп, көктен ұмытылған құдайдың аттарымен мәңгіліктің құстары ән салып береді. Жоғалтатын түк қалмағанда - жанқиярлыққа бой алдырасың. Көз жасың таусылғанда - күлетін сәт туады. Кейде еш себепсіз, әлемді астаң-кестең еткен пайдалы.
Аль Квотион "Запчасть Импровизации"
Аударған Шынар Әбілда
Shynar Ábilda
Фейсбуктегі парақшасынан





