"Күл болмасаң, бүл бол" дейтін ел болғанымызда, қанша отбасы аштан өлуі мүмкін бе еді...

Осы пандемия басталғалы менің бір риза болғаным не, айтайын ба? Ол - халықтың жұдырықтай боп жұмылғаны. Басынан өткерген ауру белгілерін айтып, оған қалғандарының кеңес беріп, немесе сол адамның өзі жазылу үшін қолданған амалдарын айтып, бөліскендері ұнады. Қала берді, ақша мен тамақтан тарыққандарға ел болып қаражат жиып беріп, жанұшыра қол ұшын созғандары.
Тіпті алғашында осы ауру бар ма, жоқ па деп пікір таластырғанның өзі - қозғалыс. Ақиқат осылай пікір таластырудан туады ғой. Соның арқасында қаншама фейк ақпараттар әшкере болды.
Қиындықтың да кейде осындай пайдасы бар... Қарап отырып, 90-шы жылдар көз алдыма келді. Ол кезде де қазақты сақтап қалған осындай ауызбіршілік пен жанашырлық еді. Көршілер нан, ұн, тіпті етке дейін ауысты бір-бірімен. Әйтпесе, есігімізді тарс жауып отырып, "күл болмасаң, бүл бол" дейтін ел болғанымызда, қанша отбасы аштан өлуі мүмкін бе еді...
Осы бетімізден таймай, осы ниетімізді сақтап қала алсақ, бұйырса бұл "жауды" да жеңеміз! Мен оған сенем!





