Мәңгі өлмейтіндей, өнбейтін дауды неге даулаймыз?!

Соңғы 10 жылда отбасымыз қиын қазаларды басынан өткерді.
Бірінші, әкем кенеттен көз жұмды: жүрегі тоқтап қалды. Жедел жәрдем тез келе қоймады деген жоқпыз, демек өлшеулі өмірі осы деп тағдырға мойынсұндық.
Екінші, үш жылға жуық аурудың азабын тартып, анам да әкемнің жанына кетті. Медицинамыз қауқарсыз деп байбалам салған жоқпыз. Өйткені дәрігерлердің қолынан келген бар мүмкіндікті жасағанын көз көрді.
Үшіншіден, 20 жылдан астам қант диабетімен ауырған қайынатамды соңғы сапарға шығарып салдық. Ауруы асқынған кезде жетіп келген жедел жәрдемді көрген сайын, қолымнан қысып "Сендердің алдарыңда өлуге мұрсат беріңдерші" дейтін. Өлімге қимай, біз де арпалыстық. Бірақ, дендеген дерт ол кісіні де алып кетті.
Төртіншіден, бірден ми қан тамыры жарылып, аяқ астынан енемнен де көз жазып қалдық.
Бесіншіден, 20 жылдық жолдасым, балаларымның әкесі де жүрегі тоқтап, ақтық сапарға аттанды.
Уақыты келгенде, біздің де кететініміз ақиқат. Айтайын дегенім, ажал өмірдің айнымас бөлігі, бұл жалғанның жалғыз ақиқаты. Олай болса, неге 5 күн жалғанды жұртты жазғырумен өткіземіз?! Ажал адам да, жас та таңдамайды. Мәңгі өлмейтіндей, өнбейтін дауды неге даулаймыз?! Ұрпақ үшін дейсіз бе? Ұрпақтың қамын жесеңіз, оны адам болуға тәрбиелеңіз.
Бір данагөй айтқан екен, қиын замандар мықты адамдарды қалыптастырады, мықты адамдар жайлы өмір орнатады, жайлы өмір әлсіз адамдарды қалыптастырады, ал әлсіз адамдар қиын заман туғызады деп.
Еңбек. Төзім. Адамгершілік.
Адамның адамдығын сақтайтын осы үшеуі. Бұлар болмаса адам аңға тән ғұмыр кешеді.
Аман болайық!
Адам болайық!
facebook.com парақшасынан 





