Мектепке төбелес пәнін енгізу керек

Соғыс кезінде немістерде тұтқында жүрген қазақтар мен қапқаздықтар өнер мен күш жағынан сайысыпты. Әншілік пен жыршылыққа келгенде біздің жігіттер оларды шаң қаптырып кеткен.
Кейін күш сынасады. Алғашқы қазақ қапқаздықты жамбасқа салып жығып, екіншісі қарсыласын жұдырықпен жалп еткізген. Жығылған күреске тоймайды дегендей, қатты намыстанған таулықтар кейін тағы белдесуге шақырады. Ақыры болмағасын тағы бір қазақ алға шығып, грузинді тік көтеріп әкеп, жерге шанши салып, үстінен аттап өтіпті.
Қапқаздықтардың осыдан кейін жүні жығылып, қазақтардың күш-қайратын мойындаған екен. Мұндағы айтайын дегенім, бұл қазақтардың жауынгерлік дәстүрден әлі қол үзбеген кезі болатын. Жекпе-жек өнері мен атыс-шабысқа бейімділік әр қазақтың сол кезде қанында болды. Қазір қазақ баласы осы өнерден қол үзіп қалды. Күрестің, жамбасқа салудың не екенін білмейтіндер көп. Мектептерде бұны жеке пән ретінде оқытса жақсы болар еді. Әй, бірақ қайдам...
Жолымбет Мәкішев
Facebook-тегі парақшасынан





