Мен сенің шүкірін жоғалтпаған тап-таза жүрегіңді, күрек ұстаған қап-қара қолдарыңды сүйгім келді!

***
Биыл қар көп жауды.
Кейде, көлікпен жұмысқа бара жатқанда, жолды неге тазаламайды деп кейістік танытқан кездерім болған.
***
Бүгін эфирге өткізу үшін бір бағдарламаны тексердім. Тақырыбы – қаладағы қар тазалау жұмыстары. Жүргізуші қар тазалап жүрген ҚАЗАҚ әйеліне сұрақ қойып жатыр:
- Суықта тоңбайсыз ба?
- Жоқ, жұмыс істеп жүргенде ыстықтаймыз.
- Киімдеріңіз жұқа емес пе?
- Жо-жоқ, киімдеріміз жылы, екі жылда бір жаңалап береді.
- Жұмыстарыңыз ауыр шығар?
- Жұмыс ауыр, таңғы 3 те тұрамын, ауылды жерден қалаға келгенше таңғы 5 болады.
- Айлықтарыңыз қанша?
- Енді... оклад 90 мың... (қолға 70 қой, шамамен)
- Аз емес пе?
- Шүкір, жетеді, жетеді. Бала-шағамды сол ақшаға асырап келемін.
***
Жаным ауырды...
***
Ей, қасиетіңнен айналдым, қазақ әйелі! Мен сенің тәубесінен айнымаған ақ көңіліңе бас идім! Мен сенің шүкірін жоғалтпаған тап-таза жүрегіңді, күрек ұстаған қап-қара қолдарыңды сүйгім келді! Мен енді сен таңғы 3 те тұрып, жұмысын үлгермей жатқан жолда келе жатып, бұл жол неге тазаланбаған деп кейімейтін болдым...
P.S. сурет Интернеттен алынды.
Жадыра Байбұланова
Фейсбуктегі парақшасынан





