Неге орыс тілді сайттар ақпаратты бірінші, сапалы береді?

Неге орыс тілді сайттар ақпаратты бірінші, сапалы береді? Жаңа ғана екі ірі компанияның бірігетіні туралы жаңалық орыс тілді сайттарда жарияланды. Баспасөз релизі орысша таратылған және екі компанияның сайтында орысша тұр. Қазақшасы жоқ. Орыс сайттарына шығып қойған. Қазақ журналисті бұл кезде мықшыңдап аударып отырады. Терминдер әртүрлі, бір сөздің қырық баламасы бар. Сыншылар тағы бар. Соның бәрін ойлап, қырық күзеп, он түзеп сайтқа салып, жарияласа ешкімге қызық емес. Ел орысшасын оқып алған. Тіл деп отыратын ағалардың өзі орысша сайттардағы сілтемесін бөлісіп қойған.
Мәселе кімде? Баспасөз қызметтерінде. Басшы мен БАҚ-қа жауаптының тілі өзге. Өзге тілде жазылады. Мақұлданады. Сосын оны аударуға жібереді. Ол кезде орыс тілді сайттарға ақпарат шығып үлгереді. Баспасөз қызметі бар әрбір компанияда қазақ тілді БАҚ-пен байланысқа жауапты маман болуы керек. Ақпарат тең тарауы керек. Бірақ болған күннің өзінде ол байғұстарды кім елеп жатыр? Ол да орындаушы.
Мұның бәрін анықтап, түзейтін кім бар? Ешкім. Айтылады, осында қалады. Тәуелсіздігіме 25 жыл.
Ербол Азанбек
Facebook-тегі парақшасынан





