Неге осындаймыз? Сөзіміз басқа, ісіміз басқа...
Емхана алдында флюорографияға түсуге жеті-сегіз адам кезекте тұрмыз. Бір орнында тұрмай әрі-бері жүрген әйел тыныштықты бұзып:
-Ойбай мына Құдайдың күні суытып кетті ғой, -деді.
-Олай демеңіз, Алланың күнін айтуға болмайды. Ол Алланың ісі, өзі біледі, -деді үлкендеу ер кісі.
-Соны айтам, Алланың әрбір күніне шүкір ету керек, - деп екінші біреу қосылды.
-Адамға ештеңе ұнамайды. Салқын болса салқын дейміз, ыстық болса ыстық дейміз, -деді үшінші. Басқалары да мақұлдап, тап-тату болып тұр едік, қасында бойжеткен қызы бар бір апа келіп:
-Айналайындар, мына қызым индібалид еді, бізді кезексіз өткізіп жібересіңдер ме?-деді.
Жаңа ғана Аллалап тұрған адамдар шулап қоя берді:
-Бәріміз де ауырғасын келіп тұрмыз.
-Басқалар ерігіп жүрген жоқ.
-Асығып тұрмыз...
Неге осындаймыз? Сөзіміз басқа, ісіміз басқа...
Есет Калманов
Фейсбуктегі парақшасынан