О дүние жоқ деп айтуға болмайды...

Жансая Сыдықбай қарындасымның постына көп адамдар пікір жазған екен. Арасында о дүние жоқ деген де әңгіме айтылыпты. Соған орай өз ойымды жазып отырмын.
О дүние жоқ деп айтуға болмайды. О дүниенің қандай екеніне біздің санамыз жетпейді. О дүниеден келген адам жоқ деп жатады. Ананың құрсағында жатқан сәби де өзінше тіршілік кешеді. Құрсақта жатып өзінше қоректенеді. Яғни, ол да қыбырлаған тіршілік иесі. Оның да өз әлемі, өз түсінігі бар. Бірақ ол сәби жарық дүние туралы ештеңе білмейді ғой. Оған санасы жетпейді. Дәл сол сияқты біз де Жер ананың құшағында өмір сүріп жатып, о дүниенің не екенін еш елестете алмаймыз. Біз де құрсақтағы сәби сияқтымыз. Санамыздың жеткен жеріне дейін қиялдаймыз. Жарық дүниеге келген сәби қайтып анасының құрсағына кіріп кетпейтіні сияқты о дүниеден де келген адам жоқ. Өлген адам бұ дүниенің құрсағынан шығып кетеді. Айналамыздағы дүниелердің бәрі адам үшін жаратылған. Су да, ауа да, табиғат та, жан-жануар, бәрі-бәрі адам игілігі үшін жаралған. Алла тағала жер-көкті жаратқанда адамның өмір сүруіне ыңғайлы етіп жаратты. Тағы да қайталап айтамын, жан-жағымыздағы жаратылыстың бәрі адам үшін. Енді Алла тағалам адамға осыншама жағдай жасап, құрмет жасап, ең соңында өлтіріп, мүлдем жоқ қып жіберуі мүмкін бе? Меніңше мүмкін емес. Меніңше адам өлгеннен кейін екінші өмірі басталады. Өмір сүрудің екінші формасы басталады. Оған біздің санамыз жетпейді. Ол Мәңгілік өмір. Қайрат Жолдыбайдың кітаптарын оқысаңыз, бұл турасында көп мағлұмат аласыз.
Оралхан Дәуіт
Facebook-тегі парақшасынан





