Облыс әкімдерінің есебі халықтан алыстау, мәні мен мағынасы кете бастаған дүние сияқты...

Ерекше есеп
Биылғы облыс әкімдерінің есебі ерекше болып жатыр. Басқа жақты білмеймін бүгін Шығыс Қазақстан облысында да әкім есебі де бір түрлі қызық өтті. Бірден айтайық, бас аяғынан қатысып залда отырмадық. Оған уақытымыз да болмады. Дегенмен, баспасөз қызметі жіберген мына суреттерге қарасақ, көп нәрсені байқауға болады. Даниал Кенжетайұлы солай тапсырма берді ме әлде нөкерлері осылай жасады ма, ол жағы түсініксіз әйтеуір залда отырғандар әлеуметтік ара қашықтықты аямай сақтаған екен. Тіпті шаршағандары болса, аяғын созып демалып, мызғып алса да болатындай. Ал енді кең залға жайғасқан әлемі галстугі, көп-көрім кәстөм-шалбары бар азаматтарды алыстан, сонау 700 шақырымда жатқан Мақаншы жақтан я болмаса облыс орталығынан 500 шақырымда жатқан Абыралы, Шұбартау, Күршім, Тарбағатайдан келген қараша халықтың өкілі деу артық болар. Әлеуметтік желіде қаншалықты өткір сұрақтар тікелей қойылып, тікелей жауап алынғаны беймәлім. Алдын ала пысықталып, дайындалған адамдардың сұрақтары ғана эфирді жауып кетті ме, оны да нақты біле алмадық. Ютюбке бір кіріп көргенімде облыстағы бір жарым миллион тұрғыннан 240 адам көріп отыр екен. Басқа әлеуметтік желілерде "біз әкіммен мақтанамыз" деген жазба қаптап кетіпті. Баяғыда бала кезіміздегі бір өлеңді еске түсіріп жіберді...
Мақтанса бүгін
Мақтансын қазақ!
Төбесі көкке
Тимей тұр аз-ақ...
Біздіңше, бұл есептер әлі де халықтан алыстау, мәні мен мағынасы кете бастаған дүние сияқты...
Болат Кокенайулы
Фейсбуктегі парақшасынан





