Оқыңыз, әкімді аямай сынадым ...

ӘКІМ СЫНАУ...
Жақсы танитын бір ағам телефон шалды. Өзі ептеп аңқаулау кісі еді. Хал-жағдай сұрады. Өз жағдайын айтты. Сосын саясаттан біраз әңгіме жіберді...
-- Айтпақшы, бүгінгі «Жас Алашты» көрдіңіз бе? – дедім әңгіме арасында.
-- Көрдім... Екі мақалаң шығыпты. Біреуі мұғалімдер туралы, сосын екіншісі жер туралы ғой деймін...
-- Ия... Оқыдыңыз ба?
-- Жоқ, оқи алмадым. Тақырыптарын ғана көрдім.
-- Ой, оқуыңыз керек еді. Ішінде әкімді өлтіріп сынағам ғой...
-- Қой, е... Қай мақалада?
-- Мұғалімдер туралы мақалада...
-- Ойбай, оқиыншы қазір...
Он - он бес минөттен кейін қайтадан телефон шалды.
-- Әй, Орал, мына мақалаңның ішінде «әкім» деген сөз жоқ ғой... Қай жерінде сынағансың?
-- Қай мақаланы оқыдыңыз?
-- Мұғалімдер туралы...
-- Қызықсыз ба? Мұғалімдерде неңіз бар? Олар әкімді сынай алмайды ғой. Жер туралы мақаланы оқыңыз, соның ішінде аямай сынағам...
-- Е, бәсе... Мынаның ішінде әкім туралы ештеңе жоқ. Қазір жер туралыны оқиын...
Он - он бес минөттен кейін қайтадан телефон шалды.
-- Әй, Орал, мынаның ішінде де әкім туралы ештеңе жоқ қой. Сынағансың, бірақ әкім туралы мүлдем жазбағансың...
-- Аға, әзілдеп жатырмын ғой. «Әкімді сынаған жерлерім бар» демесем, мақалаларымды оқитын түріңіз жоқ қой, тегі... «Әкімді сынадым» дегенім әшейін жарнама еді...
-- Әй, қу бала... Ағаңды бір қатырдың. Мейлі, есесіне газетті бастан-аяқ бір оқып алдым.
Екеуміз біраз күліп алдық.
-- Аға, өзіңізбен әзілдеп ойнағаныма айып етпеңіз... Өткендегі мен берген «Ақ самаурын» кітабын оқыған ба едіңіз?
-- Ия, алған кезде бір қарап шыққам... Кейінірек үлкен қызым алып кетті ғой. Әлі әкелген жоқ...
-- Міне, соның ішінде әкімді өлтіріп сынаған болатынмын...
-- Қой, енді...
-- Рас айтамын, аға... Оқып көруіңіз керек еді...
-- Сол кезде айтпадың ба? Қызым алыста тұрады. Енді ол кітапты жақын арада әкелмейді ғой...
-- Қап-ай, ә... Оқуыңыз керек еді...
Сонымен қош айтысып, тарқадық. Бір сағатқа жетер-жетпесте ағам қайтадан телефон шалды.
-- Әй, Орал, балаларды жіберіп кітапты алдырдым. Әкімді сынаған жерің қай бетте еді? – дейді.
Адам деген бірнәрсеге қатты қызықса қиын екен ғой. Не айтарымды білмей қалдым.
Оралхан Дәуіт
Фейсбуктегі парақшасынан





