Осыны түсінуге бір шелек ми керек жоқ қой...

Үлкендер қатыгезбіз.
3-4 күннен бері желіде хит болған "Есеп шығаратын Исламды" "Астарлы ақиқатқа" шақырыпты. Сонда бір математик-сымақ: "7 бананды 7 маймыл 14 минутта жеп тауысады. 2 маймыл 2 бананды неше минутта жеп тауысады?" - деп сұрақ қойып еді. Дұрыс жауабын таба алмаған Ислам жылап қалды. Ал ана математик-сымақ оның жүрегіне қандай жара салғанын біле ме екен?
Мен де кішкентай кезімде есепке жүйрік болдым. "А" класында оқитын едім, "Б" класында оқитын бір қызбен есептен жарыстыруға мені "Б" класына апарды. Сөйтіп, екеумізге бірдей есеп беріпті. Мен үнемі бөтен ортада алғаш рет барғанда тосырқап тұрам, бірденен ішке кіріп, сіңісіп кетуім қиын. Әрине, мен жеңіліп қалдым. Содан ызаланып жылап жібердім. Әйтеуір, апайларым зорға жұбатып алған құсайды.
Бір күні мектепке комиссия келді. Өзіміз екінші класс оқимыз. Көбейту кестесін енді өтіп жатқан кезіміз. 3-ке көбейту ме, 4-ке көбейту ме, әйтеуір, есімде жоқ, обшым бас жағы-тұғын. Комиссияға қарасам, арасында немере ағам Бақытжан отыр. Көбейту кестесінен сұрақ қойып жатқан. Жақсы оқитындар, оның ішінде мен де бармын, әрі немере ағама қандай жақсы оқитынымды көрсетіп мақтанып қалу да ойда бар: "Маған сұрақ қойыңызшы, маған сұрақ қойыңызшы" - деп жамырап жатырмыз. "Ержан, сен шық тақтаға" - деді апайым.
Комиссиялардың арасынан біреуі: "7-ге 7-ні көбейту қанша?" - деді. Мен әрине, білмеймін. Апайым: "Біз ол көбейтуді өткен жоқпыз. 4-ке бесті көбейтсе қанша?" - деді. Мен білсем де төмен қарап жауап бермей қойдым. Аузымды ашсам, еңіреп жіберетіндей едім сол сәт. Есесіне, қарғыс атқыр сол күнді ешқашан ұмытпаймын. Миымды мәңгілікке жазылып қалды. Ұмытам, өшірем десем де өшпейді, өшіре алмаймын.
Тым қатыгезденбейікші адамдар, баланың жүрегіне жара салмайықшы. Осыны түсінуге бір шелек ми керек жоқ қой...
Фейсбуктегі парақшасынан





