Өз баламызды да, өзгенің баласын да «шын өлмейтіндей» етіп тәрбиелейік!

Жолаушылап келе жатқан жас жігіт, қарт адамға кездеседі. Олар ауылға жақындағанда бейітке қайтыс болған адамды жерлеп жатқанын көреді. Ақсақал: «Көптен сырқаттанып жатқан азаматымыз бар еді, сол қайтыс болған екен», – дейді.
Жігіт:
– Ол, азамат өтірік өліп жатыр ма, шын өліп жатыр ма? – дейді. Ақсақал жігіттің бетіне таңдана, күдіктене қарайды.
Жігіт:
– Балалары барма еді – дейді.
Ақсақал:
– Бар, – десе, жігіт:
– Өзінің балалары ма, басқаның балалары ма? – дейді. Ақсақал жігітке түңіле қарайды.
Ауылдың шетіне келгеннен кейін ақсақал бұрылып үйіне, жігіт өз бағытымен кетеді. Ақсақалдың бойжеткен қызы бар екен, әкесін аттан түсіріп, сізбен бір жолаушы адам келе жатыр еді ғой, күн кешкіріп қалды, қонақ бол демедіңіз бе? – дейді. Әкесі, жігіттің есінің дұрыс еместігіне күдіктенгендігін айтып, қойған сұрақтарын қайталайды.
Қызы:
– Әке, жігітті түсінбеген екенсіз, ол ақылды жігіт екен. Бірінші сұрағы «балалары бар ма?» дегені еді. Екінші сұрағы «ұл ма, қыз ба?» деп сұрағаны еді, – депті.
Жігіттің соңынан арнайы шақырып кісі жіберіп, қонақ етіпті. Жігіт – атақты Жиренше шешен екен. Қыз – Қарашаш сұлу екен.
***
Дүниеден озған соң, артыңда сен үшін Құран бағыштап, дұға қылатын ұрпағың қалса, өлмегенің. Себебі, амал дәптеріңе әлі де сауап жазылып, ақыретте дәрежең өседі. Жиренше «өтірік өлу» деп осыны айтса керек.
«Қыз – жат жұрттық» дейді қазақ. Бағып-қаққаныңмен бой жеткен соң басқа жұртқа ұзатып саласың. Артынан «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп батаңды беріп қаласың. Жиреншенің «өзінің балалары ма, басқаның балалары ма?» деуінің мәнісі осы болса керек.
Ендеше өз баламызды да, өзгенің баласын да ертеңгі күні «шын өлмейтіндей» етіп тәрбиелейік!
Салтан Сайранұлы
Фейсбуктегі парақшасынан





