Өз эмоциясын жасырып, өзін ақылды санайтын адамдардан қорқу керек
Адам өзінің эмоциясымен жұмыс істеу керек. Әрине, мұны бәріміз білеміз. Эмоциясы басым адамдарды белгілі бір деңгейде тануға болады. Эмоциясын көрсетпейтін, эмоциясы жоқ адамдарды тану қиын. Оларды ұзақ зерттеуге тура келеді. Бір байқағаным, эмоциясы басым адамдардың бетінде маска болмайды. Болса да, жеті қабат емес. Әйтеуір диагноз қоюға болады. Эмоциясы басым адамдардың көбі шынайы болады.
"Мына адам туралы қалай ойлайсың? Мына адам туралы ше? Ал мына адам туралы көзқарасың ше? Мынау ше?" деп қасындағы адамнан бірнеше адам туралы сұрап, сыр суыртпақтап, шын мәнінде, өсек іздеп, бірақ өз эмоциясын жасырып, өзін ақылды санайтын адамдардан қорқу керек. Мұндай адам ешқашан, ешкімге шын дос болмайды. Уақыт өте келе оның шынайы бейнесін ортасы да біледі. Егер ол адам шығармашылықтың айналасында жүрген адам болса, мысалы, өлең жазады дейік, үш-төрт ақынның өлеңін оқып, өңін айналдырып, содан бір өлең шығарып жүр деген сөз. Яғни, әдебиетте суррогат ананың рөлін ойнайды.
Фейсбукта "жалпылама" қандай пікір жазылып жатса да, өзіме ешқашан қабылдамаймын. Рас! Себебі, өзім туралы ең бірінші өзімнің ғана пікірім маңызды. Егер өзімнің өзім туралы пікірім маңызды болмаса, Аягүл Мантай деген жазушы ешқашан болмас еді. Енді самооценка деген ұрып тұр ғой.
Бұрын да осы туралы жазғанымда марқұм Тұрғынай Ахмет "Мынау мен туралы астарлап айтып жатқан жоқ па?" деп қатты ойланам. Өзіме қабылдаймын. Соны қалай жеңуге болады, Аяш" деп пікір қалдырып еді. 
Бірді айтып, бірге кеттім. Эмоциясы басым адамдардан қорықпау керек. Эмоцияны үнемі басқарып отырмасаң, ол да қиын. Эмоция саған берілген капитал әрі жаза. Эмоцияны шығармашылыққа салу керек, шығармашылықтың адамы емессің бе басқа нәрсеге сал. Фейсбукте әркіммен ұрсып отыруға салса да, адам өзі біледі ғой. Бірақ мұндай типтен айналасы да шаршайды. Фейсбукпен өмір сүруге болмайды.
Ая Мантай
Фейсбуктегі парақшасынан