Өз өміріңді өзгелерден артық бағала
Дер кезінде қоштасып үйрен - думанды кеш көңіліңнен шықпаса, үйге кетуді ойла, тіпті үйде ешкім күтіп отырмаса да; қонақта да соңына дейін отыру шарт емес; жарасымсыз қарым-қатынастан, жаман әдеттен де, күйзелістен, жаман ойдан, ауыр естеліктерден, саған қуаныш сыйламайтын махаббаттан, сенің болмысыңды не сыңарыңның болмысын бүлдіретін адамнан арыл.
Өзіңе де, серігіңе де жанын жай таптыратын адаммен бір болуға рұқсат ет. Егер бір-біріңе бақыт тілеп, қуаныш сыйлай алмасаңдар, бәлкім, шын бақытын табуына кедергі болмау керек шығар.
Іштарлық қылып, оның өзгемен бақытты бола алатын мүмкіндігін жойып жіберме. Өзіңнің де бақытқа апарар жолыңды жоққа шығарма. Әр адам өзінің эволюциялық шегінде болады. Өзіне лайық биіктікте болады. Өзгеше толқында тербеледі. Өзіне қажет тәжірибені сіңіреді. Егер біреумен резонансқа түссең, ендеше бір-біріңді тапқаның, ортақ биді тапқандарың, диссонансқа түссең, сынақ болғаны, сол тәжірибені түсініп, сабақ алғаның, астына қолыңды қойып, алғыс айт. Дер кезінде кетіс.
Шешімі жоқ жағдаяттармен еңсеңді басып-жаншып қалатын ауыр механизмді іске қоспа. Әйтпесе, өзіңе ыңғайсыз жағдайда шешім қабылдап, қоғамдық талқыға түсіп, өзіңнің шынайы, маңызды өмірлік таңдауыңды айта алмай қиналып қалатын деңгейге түсесің. Төзімің таусылып, сақтауға келмейтінді "сақтаймын" деп уақыт өлтіріп, құтқарылғысы келмейтін жанды "құтқарамын" деп шаршама.
Жүрегің суып қалса, жаныңа жазылмас тыртық түссе, өзіңді кінә дейтін вируспен жазалама. Кінә адамды өз болмысынан айнытатын дерт. Өмірін улайтын у.
Өміріңнің кенебіне әдемі сурет сала алмасаң, оны өртеп тастама. Кейін шегін. Өзгенің өмірін безендіре алмасаң, шекарасын аттап баспа.
Өз өміріңді өзгелерден артық бағалап үйрен. Егер біреу өзін сенен артық көріп тұрса, дер кезінде қоштас. Өміріңнің мәнді-мәнсіз өтуіне сен ғана жауаптысың. Өзгенің өміріне жауапкершілікті екінші кезекте аласың. Ешкім өзін өзгеге құрбан ету үшін тумайды. Өмір мен оны құрметтеу қасиетін Тәңір сыйлаған.
Өзіңді жоғалту, өзгенің болмысына, әлеміне, өміріне сіңіп кету оңай. Мұндайды талап ету, тілеу де қиын емес. Өзіңді табу одан қиындау. Өзіңді пайдалану шегін анықтау мен рұқсат ету тек сенің қолыңда. Өзгенің өміріне текке араласу өзіңнің өміріңді бос қалдыру деген сөз. Бәлкім, сол уақытты саған мұқтаж басқа біреуге арнаған жөн бе еді? Әлде саған керек кезде сол ысырап болған күш-қуат тапшы болып қалса ше?!..
Әр махаббат өзінше жеміс береді. Әрине, егер алмасу, өзара қатынас, алмақ пен салмақтың теңгерімі тең болса. Махаббат екеуге арналған би. Бір-біріңнің аяғыңды таптай берсеңдер, қанатып, жылатып алсаңдар, биді доғарған абзал. Жараңды жазып, жаңа би үйренген жөн. Бәлкім, жаңа серікпен. Бұны кез келген қарым-қатынасқа қолдануға болады, отбасылық, жұмыс барысында, достықта да. Қажетсіз, маңызы жоқ, берері жоқ жағдайдан да, сол жағдайды тудыратын адаммен де дер кезінде қоштасуға болады. Ондай межені өзің іштей сезесің. Өзіңе сен. Өзіңді де, өзгені де алдап, әуреге түспе.
Қанша жерден даулассақ та, жаман адам болмайды. Тек бізден басқашалау адамдар болады. Оның Өмір атты қасиетті не үшін алып жүргенін сен талқылай алмайсың. Ол Тәңір сыйы. Жер басып жүрсе, оның да бір маңызы болғаны. Құдай пендесіне басқа бір пенденің қолымен көмектеседі. Сол секілді әр адамның ең алдымен өзінің ары алдындағы жауапкершілігі маңызды. Сосын өзгенің алдындағы жауапкершілігі басталады.
Біздің өмірімізде болып жатқан әр жағдайды өзіміз болдырдық. Өзгерісті қалаған өзіміз. Тежеуде тұрған күш-қуатты еркіне жіберіп, оның шарықтау шегіне жетуіне мүмкіндікті өзіміз бердік. Өмірімізді сұр түске бояйтын өзіміз. Қоршаған ортадан қорқуды да өзіміз сіңірдік. Өмірімізді қоқысқа тастайтын да өзіміз. Өміріміздің аутсайдері болуға рұқсат ететін де өзіміз.
Осы үреймен қоштасудың кезі келген шығар. Лайықсыз, мәнсіз дүниеден баз кешу қиын. Қоштасу қиын. Бірақ ол маңызды. Жүректегі шексіздікті қанша созсаң да, қоштасуды үйрен.
Өзгенің айыптауынан, пікірінен безін. Өзіңді өзің бағалап үйрен. Тірегің не? Сенің өміріңді сен ғана түзейсің. Сен ғана сілкіп ала аласың. Саған керек әлемді шеттен іздеме. Басқа адамнан, басқа қаладан. Саған керек өмір басқа жақта жоқ. Сенің бақытың өзгенің құшағынан табылмайтыны да хақ. Өзіңде жоқ бақытты өзгеден таппасың анық. Санаңда тұнып тұрған өткеннің елестерінен арыл. Өзгенің жапсырып берген қорқынышынан арыл. Алға ұмтыл. Армандауды доғарма. Жаңаны жасауға дайын бол. Қателесуге қорықпа - қолдан келгенше тырыс. Өзгенің не дейтініне мән берме. Қалағаныңды істемейінше, кімнің не дерін бәрібір тап басып айта алмайсың. Қорқыныш бекер дүние. Ал дер кезінде қоштасу дұрыс қадам. Содан соң жаңа белеске шығудың жолы ашылады.
Қалағаның дер кезінде уысқа түспесе, ұзақ уақыт күткен дүниеге қол жетпеген кезде сол қалауыңды бермей, үлкен бақытсыздықтан сақтағанын түсінбейсің. Ақиқат қарапайым — не нәрсе де дер кезінде орындалады. Тіпті, сиқырдың өзі. Сондықтан... Жүрек тықыршып тұрса, жаның жай таппаса, дер кезінде қоштас. Өзгенің уақытын алма. Ешкімді кешіктірме. Сен кешіксең, өзгелер үшін де өмір сценариі қайта жазыла бастайтынын ескер.
Татьяна Варуха
Аударған Шынар Әбілда
Фейсбуктегі парақшасынан