Өзбектің саудагерлері ақша дариясын өздеріне бұрып қойған

ӨЗБЕКТІҢ БІЛЕК КҮШІН САТЫП ТАПҚАН АЙТЫҚ ТАБЫСЫ – 1 250 000 000 $.
«Баяғыда өзбекті саудагер халық дейтін еді, енді қазақ сауданы өзбектен асырып жіберді» деп, пікір айтатындар кездесіп қалып жүр. Білмеймін, біліп айтты ма, білмей айтты ма, әлде әлдене айтқысы келген соң айта салды ма?
Ресми деректерге қарасақ, 2 миллион 500 мың өзбек сыртта жұмыс істейді екен. Олар Қазақстанда, Ресейде, Еуропада, Лондонда, АҚШ-та, Оңтүстік Кәрісияда... барлық жерде жүр. Олар тапқан табыстарын оңды-солды шашпайды, дереу банк арқылы еліне жөнелтеді. Оны өз көзіммен көрдім.
Енді қарапайым есепке жүгінейік. Әр өзбек айына үйіне орта есеппен 500 доллар жібереді делік. Сонда 2 500 000 адам × 500 $ = 1 250 000 000 $. Мынау қандай сан? Қателеспесем, 1 миллиард 250 миллион доллар. Бұл ай сайын Өзбекстанның банкісіне түсіп жатқан қаржы. Қалай екен? Қазақстанға келді деп бөрікті аспанға ататын мынау деген инвистицияның аузын ұрып тұрған жоқ па?
Осынша ақшаға олар не сатты? Білегінің күшін сатты.
Ал біздің қазақ не сатып өзбектен озып жүр? Қазақтың саудагерлері болса, шетелдің бұйымын (көбісі қытайдың заты) елге тасып, басқа елді байытып жатыр.
Өзбектің саудагерлері ақша дариясын өздеріне бұрып қойған.
Қазақтың саудагерлері болса сыртқа ағызып жатыр.
Бұл саудада өзбектен асып кеткендік пе, жоқ па?
Білектің күшін сату қазақтың ойына келіп пе екен?
Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
Нұрлыбек Саматұлы
Фейсбуктегі парақшасынан





