Қарапайым адамнан бастап, министрге дейінгінің көкірегіне орнығып алған жегі құрт секілді

КҮНДЕЛІК ДӘПТЕРДЕН
Бір танысымыздың үйінде отырғанда мынадай қызық жайттың куәсі болдым. Әжей жиырмалар шамасындағы немересін бізге таныстырып жатты:
- Күнде кешке дейін дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Өзі медициналық институттың соңғы курсында оқиды, емтихандарын тапсырып, мұрнынан су кетіп шаршап жүр, айналайын, - деп, бойжетіп қалған немересінің бетінен сүйді.
- Күні бойы жұмыс істесе, оның үстіне медицина институтының сынақтарын тапсырса, шынында да, бұл қызымыз шаршап жүр екен, - дедік, таңғалысымызды астарлай жеткізіп. Әжей біздің кекесінмен айтқан сөзімізді түсінбеді.
- Қараң қалғыр, үністеттің оқытушылары зашөткісіне – он мыңнан, емтихандарына – жиырма мың теңгеден қағып алады екен. Соншама ақшаны оларға тауып беру оңай дейсің бе? Жұмыс істеп, шаршамағанда қайтсін?! – деді.
Біздер, жасыратын не бар, заман өзгеріп, құндылықтар ауысқан қазіргідей кезде сыйластықты, қонақжайлылықты, керек десеңіз, өзара қарым-қатынас пен құрмет-қошеметті де өздеріміздің ішкі есеп-парықсыздықтарымызға икемдеп, жеке пайдамызға бағындыруды әдеттегі қалыпқа айналдырып алдық. Оған үйренгеніміз сонша, ақшасыз, пара берусіз ешнәрсені де елестете алмайтын халге жеттік. «Ақша болса барлығын да сатып аламыз» деген ұғым қарапайым адамнан бастап, министрге дейінгінің көкірегіне берік орнығып алған жегі құрт секілді.
Апыр-ай, осы, адам жанына қиналғанда араша түсетін, тіпті, өлімнен де құтқарып қалатын дәрігер оқуын, оның дипломын ақшаға сатып алуға болады деген тәртіп пен ережені кім ойлап тапты екен?!.
Құдиярбек Ағыбаев
Фейсбуктегі парақшасынан





