Қатын екі жағдайда байдан таяқ жейді
Алматыда жалдап тұрған пәтерімізде балконының есігі жөнді жабылмайды екен. Содан арқама кішкене шаншу қадалғандай болды. Сол жақта жүріп ем жасағанда тарқап кетті. Қайтарда ұшақтағы орным терезе жақта болып қалыпты. Содан қатты шаншу қадалып, осы жолы өзімше жасаған емге көнбеді.
 
Түнімен ұйықтатпаған соң, оған қоса жедел жәрдем алмағандықтан таңда тұрып массажға бардым. 3-ші сеанстан кейін есімді жиып, жан-жағыма көңіл бөле бастадым. Менен де басқа барып жүргендер баршылық екен. Массажист әйел адам болғаннан ба, келушілердің бәрі дерлік &ndash қыз-келіншек қауымы.
 
Кеше менімен қатар бір келіншек ем алуға келді. Өзі бір әңгімешіл екен. Томсыраймай, адам талғамай сөйлесіп кетеді. Массажиске белін ауыртып алғанын айтып жатты. Кондитерлік өнімдерді пісіретін жерде істейді екен.
 
«Бұрын 50 келілік ұнды қоймадан пеші бар бөлмеге өзім сүйреп әкеле беруші едім. Кеше 25 келілік қапты сүйреткенге белден шойырылып қалдым. Денсаулықты күйеуім құртты ғой. 2 жыл бұрын ұрып, аяғында тепкілеп тастаған. Содан бел сынды», деп бір тоқтады. Менің көзім шарасынан шығып кете жаздады. Көтертпей тұрған қолымды, қолымды қозғалтпай жатқан иығымды ұмытып кеттім. Тіпті екеуінің әңгімесіне қалай араласып кеткенімді білмей қалдым. «Неге? Қалай? Бел сындыратындай не себеп? Әлі ұра ма? Бірге тұрасыз ба?» деп сұрақты жаудырдым.
 
Ол миығынан бір күліп алды да: «Қайдан, белді сындырған соң ештеңеге қарамай ажырастым ғой. Оған дейін намыс пен ұятты бірінші орынға қойып шыдап келдім. Саусақ та, мұрын да сынды, денсаулық кетті ғой. 11 жыл бойы таяқтауына көндім. Белімді сындырып, екі ай бойы төсекке таңылып, сал адамның күйін кешіп қалғаннан кейін бәріне қолды бір-ақ сілтедім. Себеп сол &ndash қызғанады. Өзі менен 9 жас үлкен. Осынша жыл отасқанда бізде бала болмады. 10 жыл бойы тек мен тексеріліп келдім. Бала тумаған соң сымбатың да сақталады, бәлкім сол да себеп шығар. Бірақ ол жұмыссыз, қол қусырып үйде отырмағанда тірлікке алданып, уақытын тек мені аңдумен өткізбес еді. Өзін емдетуге ақша да табар еді. Енді 40-тан асқанда қайда барарын білмей, ағайынды араластырып, кешірім сұрап өкініп жүр», деп жауап берді.
 
Үнсіз қалдым. Кешеден бері айтқаны ойымнан шықпай қойды. Ойландырғаны &ndash оның жалғыз еместігі. Күйеуден таяқ жеп өліп кеткен әйелдердің статистикасын білдім. Шошисың. Таяқталып жүргендердің саны жоқ! Содан саралайсың, салмақтайсың, салдарымен ғана күреспеу үшін себебін іздеуге тырысасың. Бар мәселе санада ма? Саналы адамдардың да ұрғанын естисің. Сананы тұрмыс билей ме? Басында баспанасы, астында көлігі, ішкені алдында, ішпегені артында, тұрмысы жақсы адамның да қол көтергенін өткенде ғана танысың айтқан. Сонда не? Мендегі жауап қарапайым болып шықты. Бәрі жауапкершілікке келіп тірелетін сыңайлы. Адам жауапкершілік жүгін көтеруден қашқанда мәселені шешудің жеңіл жолын іздей бастайды. Етегінен ұстаған, арқа сүйерім деп сенім артқан әйелге, сол әйел дүниеге әкелетін балалардың өміріне деген жауапкершіліктің жүгі. Дәл осы жауапкершіліктің астарында салмақтай білгенге: «Күйеуден күнде таяқ жейтін жасық әйел ынжық балаларды тәрбиелейді», деген түйін бар.
 
Баяғыда бір апамның (әкемнің әпкесі): «Қатын екі жағдайда байдан таяқ жейді. Бірі &ndash тілден, екіншісі &ndash жүрістен», дегені бар. Алайды осы екі проблема таяқтаудан түзеліп кете ме? Мәселе сонда. Иә, «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі». Қалай дегенмен де Ата заңында «Адам және оның өмірі &ndash елдің ең қымбат қазынасы» деп көрсетілген құқықтық мемлекетте бұл ұлттық трагедияға айналуы тиіс. Ал ең қорқыныштысы &ndash күйеуінен таяқ жейтін әйтеуір бір танысымыздың болуы емес, осы жайтты қалыпты қабылдауымыз.
 
 
Айдана Шотбайқызы
Фейсбуктегі парақшасынан