“Қатындарыңа ие болыңдар”, сонда бәрі дұрыс болады.

Таңғы 05:00. Көзімді жыртып вокзалға бара жатырмын. Ардақты Енем (жүз жасасын) күйеу баласына жеміс-жидек пен екі жасар тарпанның етін салып жіберіпті. Ұзын-Құлақтың айтуы бойынша еттің арасында Әбілмансұр мен Батуға конверт те бар сияқты.
Қайын жұрт - жігіттің өмірінде үлкен рөл атқаратын құбылыс. Қайын жұрттың арқасында идиоттар адам болып жатады, кейбір адамдар керісінше идиот болып жатады. Барлығы таңдаған жарыңа, санаң мен түйсігіңе байланысты. Баспен ойласаң бақытың, төменгі жақпен ойлансаң сорың.
Жастықпен-мастықпен фигурасы аттай, беті жылтыраған қыздарға үйленіп, ар жағындағы бүлінген қайын жұртқа тап болып, бармағын шайнап қалған жігіттерді де көрдік. Кейбіреулер Қайын жұртқа мінез көрсетіп, керіліп, тәкәппарлық танытып, әйеліне қол көтеріп, ажырасып тынғанды да көрдік.
Жалпы, әр адам өз өмірінің авторы. Барлығы келіп, мінезге тіреледі. Мінез - сәттілік пен сәтсіздіктің фундаменты. Қайын жұрт - көрші ел сияқты. Қайын жұрт мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орната алмасаң, онда саясат пен билік туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Қысқасы, бір Бақытты Адам айтпақшы: “Қатындарыңа ие болыңдар”, сонда бәрі дұрыс болады.





