Қаз дауысты Қазыбек бидің екі иығындағы екі аю аузынан от шашып, біздің де екі иығымызда дұшпанға айбат шегіп тұруға тиіс!

«Біз, қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Еліміздің құт-берекесі қашпасын деп, жеріміздің шетін жау аяғы баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Досымызды сақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай кірген елміз! Атадан ұл туса-- құл боламын деп тумайды, Анадан қыз туса-- күң боламын деп тумайды! Сен ─ қалмақ та, біз ─ қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Танымайтын жат жерге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз! Сен ─ Қабылан , біз ─ арыстан, алысқалы келгенбіз! Жаңа үйреткен жас тұлпар,-- жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз; берсең ─ жөндеп бітіміңді айт, бермесең ─ дірілдемей үйіңе қайт, не ─ тұрысатын жеріңді айт!»
Бұл ─ қазақ халқының көш бастар көсемдерінің бірі Қаз дауысты Қазыбектің ХVIII ғасырда Қантожыға айтқан сөзі.
Сонда қалмақтар Қантожының қасына келіп:
─ Бір жұдырықтай баладан қара суға түсіп, осынша дірілдеп кеткенің не?! ─ десе керек.
─ Сендер білген жоқсыңдар, ─ депті Қантожы сонда, ─ Сөзін өңменімнен сұғып айтқанда, екі иығынан екі аю аузынан от шашып, «тыпыр етіп көрші, көрейін!»- деп тұрды. Сендерге көрінбегенмен, маған көрінді... Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ. Мал мен жанын есептеп, алдына салып беріңдер!»
Алашының азаттығы сынға түскенде сол Қаз дауысты Қазыбек бидің екі иығындағы екі аю аузынан от шашып, біздің де екі иығымызда дұшпанға айбат шегіп тұруға тиіс! Елдің киесі – ол!
Серік Ақсұңқар
Facebook-тегі парақшасынан





