Қазақ әйелі бас көтеріп, иықпен қай істі болса да көтеріп, еңсеруге қауқарлы...

Бір келіншек үйінде отырып, 3000 тг.ден күніне 10 клиент қабылдап, 30 мың, айына: 900 мың тг табады.
Тағы бір көрші келін: күніне 40-40-тан 3 дүкенге 130 теңгеден 120 пирожки өткізеді. Оны пісіруге таңертең 2-3 сағат қана уақыт жұмсайды. Күндік, айлық табысын есептей беріңіздер. Сөйтіп, төрт ұлы бар, 30-дан аспаған жап-жас келін, жұмыссыз күйеуі, ата-енесін, төрт ұлын жалғыз асырап отыр.
Тағы бір бейтаныс қарапайым келіншек біз осы ЖК-ға келгелі аялдамаға жақын жақта, көше жиегінде қысы-жазы піскен жүгері (собық) сатады.
Үнемі қарапайым түріне қарап, бір-екі жүгерісі болса да өтсін деп, жегім келмесе де арасында алатынмын: жазда күнге күйіп, қыста аяғынан сыз өтіп тұр ғой деп...
...Бір күні биіктеу әдемі жеңіл көліктің тура артына коробкаларымен жайғасып тұрып сатып тұр екен. Қанша жылдан бері жиі көріп, сәлемдесетін жағдайға жеткенбіз ғой...
-- Байқаңыз, мына көліктің иесі қазір келіп, оталдырып, байқамай қағып кетпесін, -- десем...
-- Өз көлігім ғой... -- деп күледі.
-- О-о! Тамаша ғой... -- десем:
-- Иә, бұл көлікті алғаныма бір жылға таяды. Білесіз, басында тачка сүйреп жүруші едік қой, екі кішкентай ұлмен. Олар да маған көмектесе жүріп, жігіт боп қалды. Қазір үшеуміз осындай үш точкада тұрамыз.
Осы істі бастаған 5 жылдан бері, қаладан үш пәтер және осы көлікті сатып алдым. Білген адамға табысты іс қой дейді.
Әне, істің көзін тапқандар деген, осы... Қазақ әйелі бас көтеріп, иықпен қай істі болса да көтеріп, еңсеруге қауқарлы...
..."Ауызбен орақ орған", бюджеттік жұмыстан айлық алатын, оған тиесілі міндетін де мардымды атқармай, құр күн өткізіп, әңгіме-өсек соғып жүретіндер де, т.б. не түрлі шікірейгендердің қасында, бұлардың ұқсата білген ақ-адал еңбегі мен табысына таң қалмасқа болмас...
facebook.com парақшасынан





