«ҚАЗАҚ БОЛУ ҚАНДАЙ ҚИЫН, ШЫНЫНДА...»

«ҚАЗАҚ БОЛУ ҚАНДАЙ ҚИЫН, ШЫНЫНДА...»
 
«Біз  мемлекеттік ойлау жүйесі  (государственное мышление) қалыптаспаған ұлтпыз» -  деп еді бір ағам.
 
- Империя болатын ұлт өзгелерді  өзіне сіңіре береді. Мысалы түрік түрік болып жазылған кісінің, өзбек өзбек болып жазылған адамның  түбін қазбаламайды. Ал біз Махамбеттің түбі қызылбас екенін,  Ғабит Мүсіреповтің түбі түрікпен екенін  ешқашан ұмытпаймыз.  Сөйте тұрып, «Біз ұлт болып қалыптаспай, рулық деңгейде қалғанбыз»  деп сұхбат берген Дулат Исабековтің жағасынан ала кетуге әзірміз».
 
«Ағамның жүйкесі жұқарған екен» деп ойлап едім сол кезде. Кешеден бері «Димаш - қырғыз екен» деп бір-бірінен сүйінші сұрағандай болып, жарыса жариялап жатқан сайттардың «іс-әрекетін» көріп, сол ағамды түсініп  отырмын.
 
Ау, ағайын, құдайшылығын айтайықшы, күллі әлемге қазақша ән айтқызып, әуежайларын қазақ тілінде «сайратқан» Димаштан өзге кімің бар? Әлемнің мен деген ақпарат құралдарына қазақша сұхбат берген Димаштан басқа қазақты естулерің бар ма?
 
Димаш тырнағына дейін қазақ қой.
 
Күллі әлемді "қазақ қылуға" ұмтылып жатқан алтын ұлдың үстіне кірдің суын төккеніміз қалай?
 
Ұлт пен руды шатастырғанымыз қай сасқанымыз?
 
Әй, ел болуымыз қиын шығар...
 
...«Қазақ болу қандай қиын, шынында». Есенғали Раушанов.
 
 
 
 
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
Фейсбуктегі парақшасынан





