Қазақ тілінде ғылыми кітаптар аз екен, жазшы...

"Қазақ тілі заман бәсекесіне лайық болмай шықты". Осындай диагнозды орыстілді қазақтар көп айтатын болыпты. Біраз жерімнің күлкісі келіп кетті. Ернім, қасым, кірпігім, тағы бір-екі жерім жыбырлап барып басылды.
Бізде диагнозды көрсету бар, бірақ емдеу тәжірибесі мүлде жоқ. Қазақ тілі заман бәсекесіне қабілетсіз екен дейік. Ау, орыстілді бауырым, соны түзетуге осы әзірше бақытсыз елдің бір перзенті ретінде өзің үлес қосып көрдің бе? Тым құрыса, үлес қосуға талпындың ба?
Мен де клавиштерді тықылдатып, тәп-тәуір диагноздар қоя аламын. Бәріміз қоя аламыз. Бірақ сен заңғар биіктен менменсіп қарамай, кішкене жерге түсіп, ақырын сөйлеп, айтып, жазып көрші. Басқа ештеңе сұрамаймыз. Қазақ тілінде ғылыми кітаптар аз екен, жазшы. Тілің жетпей жатса, бар жұмысты жиып қойып, қазақыландыруға үлес қосайық. Қазақ тілінде 20 мың ғана сайт бар екен, ағылшыншасы 1 миллионнан, әлде 1 миллиардтан асыпты. Сен 20 мың бірінші ғып қазақша сайт ашшы, ол да "бақа сисе - көлге сеп".
Әйтпесе, біраз жеріміздің күлкісін келтірмеген жөн. 22 жылдан бергі қазақы өрісті көріп келемін, енді бір 22 жылда дүние беталысы сен үңілген жақта болмайды-ау... Біз деген - бітпейтін өмірміз, дос!
Есей Жеңісұлы
Facebook-тегі парақшасынан





