Қазақша сөйлемейтін қоғамда қазақша жазатын ақын-жазушылардың бағы жанбайтынына көзіміз әлдеқашан жеткен

Сонымен құрылтай да өтті "дүрілдеп", ың-шыңсыз... Мен көрген ең момақан құрылтай болды, тез-тез бітіруге тырысты. Жарыс сөзге уақыт табылмады.
Екі құрылтай арасында жүз жетпіс ақын-жазушы қайтыс болыпты.
Күні бұрын өз кандидатурасын қайта ұсынып, бағдарламасын жариялаған жариялаған Ұлықбек аяқ астынан бас тартты, яғни басшылықтан кетті, анығында кетірді. Күтпеген жерден Мереке келді. Келем деген ойында жоқ еді, өйткені бағдарламамды енді жасаймын деді. Бірақ келмей жатып сүрінді, "жазушылар Тоқаевқа қарсы шықпау керек" деді. Осы бір ауыз сөз кейбір жігіттердің Одақтан шығуына себеп болып жатыр. Несіп Жүнісбаевтің "төрағаны неге делегаттар сайламайды, онда әуре боп не үшін келдік?" деген сөзіне "жарғы бойынша көпшіліктің төраға сайлауға құқы жоқ" деген жауап берілді. Сонымен мынау қоғамға көңілі толмайтын, мұң-шерін айтып жылап жырлайтын, бірақ билікке қарсы шығуға болмайтын, әкімдерге алақан жаймаса күн көре алмайтын Одақ жұмысын жалғастыратын болады. Қазақша сөйлемейтін қоғамда қазақша жазатын ақын-жазушылардың бағы жанбайтынына көзіміз әлдеқашан жеткен.
Одақ деген аты бар әйтеуір, бейшара кедей, сіңір. Сефінде бес мың теңгесі бар екен.
Бес жылда бір бас қосқан соң есте қаларлықтай бір төбелес болу керек еді дәстүр бойынша, дәстүрден қол үзіп бара жатыр екенбіз.
Құрылтай шығынын қалалық әкімдік көтеріп алыпты, автобустармен қамтамасыз етті. Жиынның екінші кезеңі ресторанда өтті, ән тыңдап, тамаққа тойып қайттық. Рақат болды. "Кедейдің бір тойғаны шала байығаны" дейді ғой, сонымен өкпе-ренішіміз шайылып кетті. Нан болса ән де болады ғой, тоқ жүрейік.
Алға Қазақстан!
Алға Сөзстан!
Фейсбуктегі парақшасынан





