Қорқақ, жалтақ, шарасыз адамдардың тірлігі ғой...

Бір елдің туын көшеге алып шығып өртеп жатқандарды көргенде түсінбейтінмін. Сөйтіп адамның шамына, намысына тигісі келгенімен, жабайылықтан басқа түк емес ол. Соғысасың ба, соғыс бар да. Содан бір Түркияның қылы қисайып қалатындай, гректер де түріктің туын аяққа таптап, өртеп жатыр. Қорқақ, жалтақ, шарасыз адамдардың тірлігі ғой. Бір елдің туын жаққанда, сен өзіңнің өреңді, шама-шарқыңды ғана көрсетесің. Есі дұрыс кісі ешқашан өйтіп істемейді. Қазақтар да осындай жаман әдетті іліп әкетпесе екен. Ататүріктің фанаты емеспін. Измирді гректерден босатқанда, жергілікті билік өкілдері гректің туын Ататүріктің аяғының астына әкеп тастапты. Ататүрік қайткен дейсіз ғой? «Осы ту үшін гректің қаншама солдаты өліп кетті, оларды да құрметтеуіміз керек», - дейді де, таптап, мыжып өте шыққаның орнына туды көтеріп алып, сүйіп, оны аяқ баспайтын биік жерге апарып қойыпты. Ұлы халық, парасатты адамдар сөйтсе керек. Ататүрікті өмірі мақтамаған едім, еріксіз жазып отырмын...
Жолымбет Мәкіш
Фейсбуктегі парақшасынан





